Астанада автогаз тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада автогаз тапшы

06.11.2018

Астанада автогаз тапшылығы сезіліп отыр. Соңғы күндері бекеттер сұйытылған отынды талонмен ғана береді. Ал, ақшаға сатқандарында ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Тапшылыққа не себеп? Бұл қашанға дейін жалғасады?

Астанадағы көлігі газбен жүретін жүргізушілер күніге кезекте тұруға мәжбүр. Кейбірінде газ мүлдем жоқ. Ақпараттың ақ-қарасын анықтау үшін біз де бірнеше бекетті аралап көрдік.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Бұл біздің түсірілім барысында келіп тұрған төртінші жанармай құю бекеті. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерде тағы да газ жоқ. Астанада газ тапшы.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, тапшылыққа Павлодар мұнай химиялық зауытындағы құрылғының істен шығуы себеп болған. Салдарынан газ жоспарға сай жеткізілмеді. Жөндеу жұмыстары сегіз күн дегенде аяқталған. Қазір елдегі барлық зауыттар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Нұрлыбек Жеңісбеков, ҚР Энергетика министрлігі Қоғаммен байланыс департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- 22 қазаннан бастап Қазақстанның барлық өңірлеріне, соның ішінде Астана қаласына тиісті көлем жөнелтілуде. Қазіргі таңда жолда келе жатқан вагондар мен жеткізіліп жатқан цистерналар да бар.

Астанадағы автокөліктерге ай сайын шамамен 7 мың тонна газ бөлінеді. Ал, қараша айында нормадан 700 тоннаға көп жеткізілмек. Мамандар осылай деді. Осылайша, апта соңына дейін тапшылық түбегейлі жойылмақ. Ал, қараша айында зауыттарда ешқандай жөндеу жұмыстары жоспарланбаған.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу