Астанада жаңа жылыжай ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жаңа жылыжай ашылды

31.10.2018

Заманауи технологияны пайдаланудың арқасында өнімділікті арттырып, елордада азық-түлік бағасын арзандату көзделіп отыр. Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы арқылы Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен жүзеге асып отыр.

Жаңа жылыжай толықтай «жасыл» технологиялар стандарттарына сәйкестендіріліп жасалған. Жылыту, жарық беру, суару. Бастысы, осыларды іске асыру барысында энергия бірнеше есе үнемделеді. Қожалық иелерінің айтуынша, дәл осы бос алқап бірнеше айдан кейін адам танымастай болып өзгереді. Бірнеше айдан кейін бұл жерде жайқалған бау, қып-қызыл қызанақтар өседі.

Бұл жерде өсімдіктерді суарған су бірнеше қайталап қолданыла береді. Нәтижесінде тіршілік көзі 40 пайызға аз жұмсалады. Жоба электроэнергияны да 30 пайызға аз тұтынады. «Ал, өнімділік әдеттегіден 2,5 есе көп болады», - дейді мамандар.

Норимоса Шимомура, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты өкілі:

- Қазақстанның «жасыл» технологияларға деген қызығушылығы зор. Экологияға көп көңіл бөлінеді. Егер адамдарға пайдалы жаңа жобаларды ұсынып жатса, әрине, біз қолдау танытуға дайынбыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Қазақстанның 8 облысында 15 технологиялық жоба жүзеге асырылды. Жоспарда ауқымды жобалар жоқ емес. Жаһандық ұйым бұл мақсаттарға 7,2 миллион еуро қарастырып отыр.

Сәбит Нұрлыбай, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Өте нәтижелі жұмыс деп айтуға болады. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз.

Іске асқан жобалар «жасыл» технологиялардың тиімділігін дәлелдейді. Нәтижелері Қазақстанның аграрлық-индустриялық дамуына қажетті дайын шешімдер деген бағасын берді мамандар.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу