Көне тиынды су жаңа «Land Cruiser» көлігіне ауыстырмаған коллекционер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көне тиынды су жаңа «Land Cruiser» көлігіне ауыстырмаған коллекционер

17.10.2018

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының тұрғыны Жанарбек Ақбиұлының қолында бүгінде 100-ден астам жебе ұшы бар. Көне заманнан сыр шертетін жәдігерлерге талай шетелдік қызығушылық танытқан. Алайда, бірде-бірін сатуға қимаған өр мінезді қандасымыздың баға жетпес коллекциясын тілшіміз Берік Көшербай арнайы барып, көріп келді.

Кәсіби альпинист Жанарбек Ақыбиұлы алғашқы жебені 25 жыл бұрын тауға шыққанда тауып алған. Бүгінде жеке коллекциясында 20 түрлі 100-ден астам жебе ұшы бар. Сатып алғысы келіп талай адам қызыққан. Әрқайсысы үшін  мың доллар ұсынғандар да болған.

Жанарбек Ақыбиұлы, коллекционер, Баян-Өлгей қаласының тұрғыны:

- Сатып жіберу көшпенділердің мәдениетін, тарихын сатқандай әсер етеді. Қанша сома ұсынса да, қарсы болдым, ондай ойымда жоқ екенін айтамын.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Жанарбек Ақыбиұлы жәдігерлерді құр жинаумен шектелмек емес. Жебелер туралы көп білетін оның көздегені әріде.

Жанарбек Ақыбиұлы, коллекционер, Баян-Өлгей қаласының тұрғыны:

- Жебелердің атылу процесін, нақтылы рөлін қосымша зерттеп, кітап жазғым келеді. Біреуінің өзі бір кітапқа татиды. Негізінде, ежелгі көшпенділердің мәдениетін жинап, зерттеп, өзіміздің ұрпағымызға қалдырып кету - мақсатым.

Жанарбектің ұлы Нұрбек те соңғы 10 жылдан бері тауға шығып, альпинизммен шұғылданады. Жебе ұштарын іздеуді ол да әдетке айналдырған.

Нұрбек Жанарбекұлы, ұлы:

- Бала кезімізде жебелердің тарихын айтып, ұйықтатып жүрді. Ұзақ тарихын айтып, қызықтыра берді. Қызыққан сайын, тауып алғың келеді екен.

Коллекционер көне тиындарға да әуес. Қазір үйінде 40 мемлекеттің темір монетасы бар. Олардың да тарихын зерттеп жатыр.

Берік Көшербай, тілші:

- Бұл жердегі темір ақшалардың ең ерекшесі қазір менің қолымда. Бұл көне тиынның қандай металдан жасалғаны, онда не деп жазылғаны әлі күнге дейін зерттелмеген. Осыдан 2 жыл бұрын Жапон елінен келген атақты коллекционерлердің бірі осы тиынды астындағы су жаңа, жол талғамайтын «Land Cruiser» маркалы автокөлікке айырбастауды ұсыныпты. Бірақ, Жанарбек Ақбиұлы келіспей қойған.

Бұл үйде қонақта болған талай шетелдік көшпенділердің өмірі жайлы мағлұматқа қанығып қайтқан. Ерте заманнан сыр шертетін темірлерді ұстап, өткен ғасырларға ойша саяхат жасап, қазақ халқының тарихымен танысты. Қазір үлкен үй салып жатқан Жанарбек Ақыбиұлы оның бір бөлмесіне жинаған жәдігерлерін қойып, шағын музей ашпақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу