Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған бюджетке енгізілген өзгерістерді мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған бюджетке енгізілген өзгерістерді мақұлдады

17.10.2018

Құжатқа сәйкес, Елбасының Жолдауын орындау үшін және Шымкент пен Түркістан облысының дамуына қаржы бөлінбек. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде білім беру нысандарын, инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді газдандыруды және ауызсумен қамтамасыз ету үшін қаражат қарастырылған.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің  айтуынша, бюджетті нақтылау Елбасының тапсырмаларын сапалы орындауға мүмкіндік береді. Жалпы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асыру және Жолдауда айтылған мақсаттар үшін тек осы жылға  84 млрд. теңге қаржы қарастырылған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау үшін 5,6 млрд, агроөнеркәсіпті дамытуға 19 млрд. және халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 15 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Ал, Қазақстан осы уақытта өз азаматтарына барынша жайлы жағдай жасауға тырысып жатыр. Бір кездері Швецияның экономикалық моделін социализмнің озық үлгісі десе, біздегі бүгінгі жағдайды модернизацияның озық үлгісі деуге болады.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру ескерілген. Осы бағытта қосымша 29,7 млрд. теңге бағытталады.  Әкімшілер бюджеттің әр тиынын берекелі жұмсауы тиіс.

Ұлттық банк төрағасы  биылғы жылы инфляция 5-7 пайыздық мақсатты дәлізде сақталатынын айтты. Құжатты ұзақ талқылап, мақұлдаған депутаттар енді аймақтарға кетеді. Мәжіліс бюросының шешіміне сәйкес, олар ертеңнен бастап 27 қазанға дейін өңірлерді аралайды. Басты мақсат – Президент Жолдауының негізгі мәселелерін халыққа жеткізу, оны жүзеге асырудың тиімді механизмдерін қарастыру.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу