Түрлі жолдармен қақтығыс аймағына кетіп қалған отандастарымыз аз емес. Сондағы туыстарын елге қайтару үшін оралдық аналар құзырлы органдардан көмек сұрайды. Бірінің жалғыз ұлы, енді бірінің тұңғышы жат жерде опат болған. Олардың артында қалған үрім-бұтағы енді елге аман-есен оралса екен дейді. Қайғы жұтып, жат жерден бір хабар күтіп отырған Оралда осындай 13 отбасы бар.
Айнаштың жалғыз ұлы Талғат Төреевтің Сирияда опат болғанына 3 жыл болды. Бала кезден футболға құмар Талғаттың арманы орындалып, Оралдың «Яиг-Спарта», «Ақжайық» командаларында доп тепті. Алайда, 2013 жылы ешкімге ескертпей бір түнде отбасымен үйден кетіп қалады. Алғашында Түркиядамыз, кейін Сириядамыз деп жазыпты. 2015 жылдың мамырында ұлыңыз қайтты деген хабар келеді. Келіні мен үш немересі сол жақта. Соңғы рет «Суса қаласында, қоршаудамыз» деп хабарласқан.
Айнаш Төреева, Орал қаласының тұрғыны:
- Келінім «тамақ жоқ, бізге көмектесіңіздерші, үйге қайтқымыз келеді», деп кеше де жазады. Балалардың ойнайтын ойыншықтары да жоқ. Үкіметтен көмек сұраймыз. Қолұшын берсе екен. Кішкентай сәбилерімізді бері қарай қайтарып алсақ екен. Бөтен елде не бар?! Жалғыз ұлымыздан айырылдық та қалдық.
Айнагүл де «кейінгі жастар ұлдарымыздың жолын қайталап, адаспаса екен», дейді. Оның тұңғышы Ержан Әмреев бар болғаны 22 жасында Сирия сойқанында қаза тапты. Артында жары, екі баласы қалды.
Айнагүл Арыстанова, Сырым ауданының тұрғыны:
- Кеше ғана туған күні болды. 27-ге толды. Сирияға кеткен жасы - 21. 6 жыл болды. Бір жылдан кейін қайтты деген хабар келді. Басына оқ тиген фотосын жіберген. Жаман жолға түседі деп ойлаған жоқпыз. «Қайырлы түн, ана» деп үнемі маңдайымнан сүйетін еді.
Өңірде осылай қайғыдан қан жұтып, көңілі алаң болып отырған 13 ана бар. Олар елдің әр түкпіріндегі тағдырлас жандармен хабарласып тұрады. Кейбірі құзырлы органдарға хат жазған.
Әзірге көңілі қаяу аналардың «балаларымыз аман-сау келер» деген үмітпен жол күткеннен басқа амалы жоқ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ