Басты Жаңалықтар Алматыға жұмыс сапарымен барған Дариға Назарбаева жастармен кездесті

Алматыға жұмыс сапарымен барған Дариға Назарбаева жастармен кездесті

Алматыда биыл 9 мыңнан астам жастар тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның қалаға сапары барысында айтылды. Сенатор Елбасының Жолдауында айтылғандай, алдағы Жастар жылында атқарылуы тиіс шаруаларды пысықтады.

Жастармен арнайы кездескен Дариға Назарбаева оларды толғантқан мәселелерге қанықты. Еркін форматта өткен кездесуде жастар пікірлерін ірікпей, ашық айтты. Білім беру мен жұмыс істеу, спортпен айналысу, үй алу мен отбасын құру жайында жаңа жобаларын таныстырды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біздің қазіргі жастарымыз өте жақсы. Бірталай мақтан тұтатын мәселелер бар. Білімді, өздерінің осы өмірден не қалайтынын біліп отырған жастар. Әсіресе, міне, Алматыдағы жастарды өздеріңіз көріп отырсыздар, көп тіл білетін, бизнеспен айналысатын бірталай жастарымыз бар.

Сапар барысында сенатор Алматының жұмыспен қамту орталығына да барды. 7 жыл бұрын ашылған орталық қазір толыққанды сандық жүйеге көшкен. Яғни, бүгінде жұмыс берушілер арнайы портал арқылы жұмысшыны таңдай алады. Жүйе тиімді болған соң, «Компаниялар мен мекемелердің 30 пайызы осылай жұмыс істеуге дайын», - дейді мамандар.

Мейрам Сүйіндіков, жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Жыл басынан бері бізге 32 мың адам хабарласты. Олардың 30 мыңына тиісті қызмет көрсетілді. 5 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа алынды.

Осы заманға сай жаңғырған орталықтың қызметкерлері ашық түрде жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, жұмыс іздеушілердің 70-80 пайызы іздегенін табады. Ал, сенатор орталық мамандарына арнайы сараптама жасап, қай жұмысқа сұраныс көп екендігін зерттеп, оның есебін Үкіметке үздіксіз жіберіп тұру қажеттігін айтты.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу