Корей билігі Кореяда заңсыз жүрген өзге елдердің азаматтарын елдеріне қайтуын талап етіп жатыр. Кореяда тиісті тіркеусіз, яғни, заңсыз жүргендердің ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тек биыл тоғыз айда 38 мыңнан астам отандасымыз Кореяға кеткен. Олардың тек 19 мыңға жуығы ғана тіркелген. Олардың дені заңсыз күнелтіп жүр.
Кореяға күнкөріс қамымен баратын Орта Азия мен Ресей азаматтары көбейіп кеткен. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. 2016 жылы біздің елден 35 мың адам Кореяға кетсе, биыл тек тоғыз айда 38 мыңнан астам отандасымыз шекара асқан. Олардың көпшілігі Қазақстан мен Корея арасындағы 30 күнге дейін рұқсатсыз жүріп-тұру мүмкіндігін пайдаланып, кейін сол елде қалып қойғандар. Атын айтудан бас тартқан осындай қандасымыздың бірінен Кореядағы қазақстардың жағдайын білдік.
Кореядағы Қазақстан азаматы:
- Бұл қала Оңтүстік Кореяның орталығында орналасқан. Менг деп аталады. Көп зауыт-фабрикалар орналасқан. 2-3 мың көлемінде қазақ бар деп ойлаймын. Біздің табысымыз күндік болып есептеледі. Күніне 70 доллардан басталып 110 долларға дейін. Түскі, кешкі ас жұмыс берушінің қолында.
Сұрап білгеніміздей, қандастарымыз Корей мемлекеті таратқан ақпараттан хабардар. Яғни, заңсыз алдағы алты ай көлемінде еш қудалаусыз, айыппұлсыз елге оралуға мүмкіндік берілген.
Кореядағы Қазақстан азаматы:
- Менің ойымша, бұл жерде Қазақстанның азаматтары 45-50 мыңның төңірегінде деп ойлаймын. Бізге Оңтүстік Кореяның заңын бұзушы адам ретінде өзіміздің паспортқа мөр басып береді. Одан ешқандай жеңілдік болады деп ойламаймын.
Сыртқы істер министрлігі бұл мүмкіндікті пайдаланбағандарға корей билігі қатаң жаза қолданатынын ескертті.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Оларға заң бұзушылар ретінде тиісті әкімшілік шараларды қолданатын болады. Атап айтқанда, қамауға алынып, 20 млн. корей вонасына дейін ол біздің теңгемен шамамен 6,5 млн. теңге айыппұл салынады және елден шығарылып, Корея Республикасының аумағына 10 жылға дейін кіруге тыйым салынады.
«Жасыл дәліз», яғни емін-еркін елге қайту тәртібі 1 қазаннан басталған. Алайда, бүгінге дейін екі аптаның ішінде бірде-бір отандасымыз бұл мүмкіндікті пайдаланған жоқ.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.