Елге танымал ақындар мен қаламгерлер Алматы облысындағы заставалардың тынысымен танысты
Жұрт жасыл фуражка киген сарбазды көрсе, шекарашы екендігін жазбай таниды. Міне, солар ел тұрақтылығы мен тыныштығы үшін шекара шебінде қырағы күзетте жүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бастамасы және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен елге танымал ақындар мен қаламгерлер Алматы облысындағы заставалардың тынысымен танысты. Әскерилер мен сарбаздардың әлеуетін көрген ақындар отты жырларын оқып, ыстық ықыласқа бөленді.
Сардар Рауан жастайынан кітапқа құмар. Атасының ақылын тыңдап өскен алғыр бала осы уақытқа дейін шетелдік және отандық ақын-жазушылардың 300-ге жуық шығармасын оқыған. Себебі, ол «Кітап - білім шырағы» деген қағиданы ұстанады.
Рауан Қоңқабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі шығыс өңірлік басқармасы 2534 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары, штаб бастығы:
- Кітапты оқи бердік, оқи бердік. ҰҚК әскери институтына түскенге дейін мен өзім оқыған кітаптарымның тізімін жасап жүрдім. Сол тізімді неше жылдан бері көрген жоқ едім. Осы жолы анам қолыма әкеліп берді. 285 кітап оқыппын.
Енді міне, Рауан үшін еңбектерімен етене таныс ақын-жазушылармен кездесу бақыты бұйырды. Белгілі шайырлар Мәдениет үйіне жиналған шекарашылар мен Шонжы ауылының тұрғындарына арнап шуақты жырларын оқыды. Арқалы ақындар жас сарбаздардың бойына рухани қуат дарытып, патриоттық сезімдерін оятып, ынта-жігерін қамшылады.
Болат Үсенбаев, ақын:
- Отанды сүйетін жас жауынгерлерді көріп, қуандым. Бір жағынан жаңа бір өмірмен, жаңа бір әлеммен таныстым. Осындай далада елін, жерін қорғап жүрген балаларды көргенде жанарымда бір жарқыл пайда болды. Жүрегімде бір от оянды. Мен болашақта осы балалар туралы да, осы жігіттер туралы бір жақсы дүние жазғым келеді.
Ақындар мен қаламгерлер Шонжыдағы 2534 әскери бөлімін аралағаннан кейін Шығыс өңірлік басқармасына қарасты «Поляна», «Бөдеті» заставаларында болды. Қара далада қызмет етіп жүрген жас сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысып, сардарлардың әлеуетін көрді.
Қанатбек Солтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі бақ өкілдерімен жұмыс және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы:
- Жырға шөліркеп, әдебиетке деген махаббаттары, құштарлықтары бар сарбаздар мен сардарлардың отбасы мүшелері өте қуана қабылдады. Бұл жақсы дәстүрге айнала ма деген үмітіміз бар.
Айта кетейік, Шығыс өңірлік басқармасы Шонжы отрядының құрылғанына биыл 50 жыл толды. «Елу жылда - ел жаңа». Осылайша, ел шебінде жүрген шекарашылар жарты ғасыр тарихы бар бөлімнің төл мерекесін 1 тамызда атап өткен.
Алмат ӘБДІРАМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы