Астанада бір тәулік ішінде 102 қызметіне жол-көлік оқиғасы туралы 93 хабарлама түсіп, оның 41-і тіркелген. Солтүстік өңірлердегі жүргізушілерді әуреге салған – көктайғақ.
Бұл өткен түні Астанада түсірілген бейнежазбалар. 1 күнде түскен қар мен суық елордалықтарды осылай әбігерге салды. «Мұндай ауа райы алдағы күндері де сақталады» деп ескерту жасады мамандар.
Сәуле Смағұлова, инженер-синоптик:
- Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағында ауа райында өзгеріс байқалмайды. Сол себепті, республиканың басым облыстарында жауын-шашын, қар, оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында кей жерлерінде күшті жауын-шашын, көктайғақ және тұман күтіледі.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда барынша абай болуға шақырды. Қыс мезгіліне көлігін уақытында дайындау Қазақстанда заңмен де міндеттелген.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Заңнамамен белгіленген тәртіп бойынша желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жазғы дөңгелекпен жүретін болса, жауапкершілікке тартылатынын өздеріңіз білесіздер.
Дөңгелек ауыстыру орындарында жұмыс қызу. Күндіз-түні толассыз көлік. Дегенмен, жердің тоңы қатып, үскірік аяз түскенше шыбын жанын шүберекке түйіп, жүре беретіндер де жетерлік екен.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
- Қысқы дөңгелек салынды, енді қорықпай жүре беруге болады. Ал сіз ше? Дөңгелегіңізді ауыстырдыңыз ба? 3-4 шегеңіз ұшып кетпесін деп аяп жүргенде, сырғанап, біреуді соғып жүрмеңіз. Рөлде жүргенде, сіз өзіңіздің ғана емес өзгенің өмірі үшін де жауаптысыз. Соны есте сақтаңыз!
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ