Ақтөбеде биыл 15 кәсіпкер заңсыз әкімшілік қысым көрген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі мәлімдеді. Олардың ішінде шетелдік алып компаниялар да бар.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Голландиялық инвесторлар салып жатқан бұл нысан Ақтөбедегі ең үлкен жылыжай болмақ. Алғашқы кезеңде мұнда 5 гектар аумаққа қызанақ өсіріледі. Ал, болашақта аумағын 25 гектарға дейін өсіру жоспарланып отыр. Жоба құны 20 миллиард теңге.
Дегенмен, инвесторларға ауқымды жобаны бастау оңайға соқпаған. Әсіресе, мемлекеттік сараптамадан өтіп, лицензия алуда кедергілерге тап болған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданған соң ғана жұмысты жалғастырған.
Майкл Хондерс, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС өкілі:
- Бізде басында қиындықтар болды. Лицензия алу үшін өте көп уақыт жоғалттық. Біздің жобамыз еуропалық стандартпен жасалғандықтан, біршама сәйкессіздіктер болған еді. Дегенмен, бұл қиындықтар дер кезінде жойылды.
Өңірде әкімшілік кедергілерге кездескен кәсіпкерлер саны азаймай отыр. Көп жағдайда компаниялар шет елден білікті мамандар тарту кезінде виза рәсімдей алмай қиналады.
Расул Медетов, облыстық Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Кез келген мемлекеттік органдардан кедергілер болса немесе жұмыстарының тез арада шешілмей жатқан мәселелері болса, олар бізге арыз-шағым жасайды. Бүгінгі таңда 15-ке жуық арыз келіп түсті, өтініш түсті, соның 14-і бірден шешілді. Енді біреуі күрделі мәселе. Ол сотқа байланысты Кірістер департаментіне байланысты. Ол бүгінгі таңда біздің бақылауда.
Елбасы Жолдауында «Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керектігін» тапсырғаны белгілі. Қазір Ақтөбеде инвесторларды қолдау жобасы іске асып жатыр. Бүгінге дейін 20 шетелдік бизнес өкілімен жемқорлықтың алдын алу бойынша бірлескен келісімдерге қол қойылды. Ал, шетелдік компаниялар еліміздің заңдарын құрметтеп, қатаң сақтауға міндетті.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.