Дауларды сотқа жеткізбей шешу үшін елімізде «Татуластыру» орталықтары құрылады. Бұл туралы қылмыстық процеске медиация институтын енгізу проблемаларына арналған форумда айтылды. Мамандардың мәлімдеуінше, алғашқы орталық осы жылдың соңына дейін үлгілік жоба ретінде Қызылорда қаласында ашылады. Сынақтан сәтті өтсе, басқа облыстарға таратылады. Оның жұмысын әр өңірдің қадірлі қариялары, зейнеттегі судьялар, сауатты адвокаттар мен заңгерлер және ауыл билері үйлестіреді. «Тұрғындардың медиацияға жүгінуі сот органдарына түсетін жүктемені азайтып, дауласушы тараптардың әрі-бері сабылуын және артық шығындалуын болдырмас еді», – дейді заңгерлер. Отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстанда медиация институтын дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Серік Шалабаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясының проректоры:
- Біздің ойымызша, қызметті үйлестіретін, медиаторлардың басын қосатын бір орган қажет. Медиаторларға мүмкіндік беру керек. Үкіметтен қолдау қажет. Біз осы екі мәселені басшылыққа алып отырмыз. Сонымен қатар, заңға да қажетті толықтырулар мен өзгертулер енгізуді ұсынып отырмыз.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.