Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек биржасы ресурсы өз қызметін тиісті деңгейде атқарып отырған жоқ. Цифрлы ресурстағы кемшіліктерді тізіп бір топ депутат министр Мәдина Әбілқасымоваға сауал жолдады. Онда биыл құрылған цифрлы еңбек биржасында 70 мыңнан астам компания тіркелгенін, алайда, ондағы бос жұмыс орындарының саны небәрі 7 мыңға жуық екені айтылған. Ал, «хедхантер» деп аталатын жеке компания биржасында 23 мыңға жуық бос орын бар болып шыққан. Көптеген ірі ұлттық компаниялар мен банктер бос орындар туралы ақпаратты мемлекеттік емес жеке еңбек ресурстарына беруді әдетке айналдырған. Ал, қолданыстағы заң бойынша бос жұмыс орындары туралы ақпаратты барлық кәсіпорындар мен компаниялар және мемлекеттік органдар мемлекеттік еңбек биржасына беруге міндетті. Алайда, бұл заң нормасы жұмыс істемей тұр. Заңды бұзған компанияларды жауапкершілікке тарту керек делінген депутаттық сауалда.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Биыл 9 айда бос жұмыс орындары туралы ақпарат бермеген 308 мекеме жауапқа тартылды. Оның 205-і Алматы мен Ақмола облыстарында. Сондықтан да, министрліктен барлық жеке және мемлекеттік мекемелерге заңның осы талабын орындауды ескертуді сұраймыз. Яғни, олар бос жұмыс орындары туралы ақпаратты дер кезінде министрліктің еңбек биржасына беруге міндетті.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.