Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан өңірінің жұртшылығымен кездесіп, Елбасы Жолдауын ортаға салды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Стратегиялық құжаттағы басты тараулар әлеуметтің қызу талқысына түсті. Үкімет басшысы Семей мен Өскемен қалаларындағы бірқатар нысанды аралап, еңбек ұжымдарының ой-пікіріне құлақ асты. Соңғы жылдары Семейде тұрғын-үй құрылысы қарқын алып, білім саласын жақсартуға байланысты атқарылған игі істер аз емес.
Өмір сүруге жайлы орта қалыптастырудың негізгі факторлары сапалы әрі көпшілікке қолжетімді тұрғын үйдің болуы. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында осыны баса айтты. Семейде бұл бағытта қыруар шаруа тындырылып жатыр. Қазір қаланың экологиялық таза аумағы «Қарағайлы» шағын ауданында 787 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеруде. Оған қоса, 25 мыңнан астам адамды тұрғын үймен қамтуға арналған «Ақсай» ауданының жобасы бар. Семейде қала активімен өткен жиында құрылыс жүргізіп жатқан серіктестік басшысы жұмыстың барысын баяндап, Жолдаудағы тапсырмаларды іске асыруға нақты үлесін қосуға дайын екендігін жеткізді.
Әсемхан Досқожанов, «Азия» ЖШС басшысы:
- Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, біз Елбасының алға қойған міндеттерін одан әрі іске асыруға дайынбыз. Өзім уәде етемін, жұмысшыларымның жалақысын 50 процентке дейін өсіруге дайынмын.
Медицина, жалақыны өсіру, тұрғын үймен қамтуға бағытталған тапсырмалардың бәрін семейліктер қуана қабылдап жатыр. Бірнеше беделді оқу орны орналасқан Семей шаһарындағы ұстаздар қауымы үшін, мұғалімдер мәртебесін көтеруге қатысты тапсырма айрықша маңызды.
Арап Еспенбетов, филология ғылымының докторы:
- Мен 52 жыл лекция оқимын. Университетте сабақ беремін. Бұрын «Кім болып істейсің?» - дегенде, мұғалім боламын десем - «О», дейтін. Қазір «Кім болып істейсің» -дегенде, мұғалім десең - «Е», дейді. Ендігі жерде сол «Е» мен «О»-ның арасын жақындастыруымыз керек. Біз педагогтардың статусын қайтарып бермей, оның мәртебесін көтермей, пұшпаққа жетпейміз.
Дәрігерлер де биылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы еселеп өсетіндігіне ерекше риза. Жиында сөз алған сала мамандары соңғы жылдары Семейде денсаулық саласында іске асып жатқан жетістіктерге тоқталды.
Идалия Рахимова, функционалдық диагностика дәрігері:
- Биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында 4000 компьютер сатып алынды. Соның арқасында кешенді медициналық ақпараттық жүйе орнатылды. Бұл біздің қағазбастылықтан арылып, тұрғындардың денсаулығына көбірек мән беруімізге септігін тигізді.
Үкімет басшысы Семейден соң Өскемен қаласында және шаһар іргесіндегі бірқатар нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс активімен Елбасы Жолдауын талқылаған жиын өтті. Шығыс өңірдің бизнес қауымдастығы да Жолдауда көтерілген бастамаларды толықтай қолдап, «іске асуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», деп отыр.
Е.ЖАҚЫП
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.