Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дүниеден озды. Бұл күллі Алаш жұрты үшін орны толмас қайғы. Қайраткер қаламгер тәуелсіздікке дейін де, егемендік жылдарында да қазақтың жоғын жоқтап, намысын қамшылаған дара тұлға болды. Жұрт оны қазақтың Шерағасы деп атады. Себебі, ол ұлттың рухымен біте қайнасып, болмысымен бір болып кеткен еді. Сондықтан, қазақ журналистикасының нары саналған халық жазушысының есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Қаралы хабар қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. 86 жасында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бақилық болды. Тағдырдың жазуына амал бар ма?! Десек те, қайраткер қайтыс болғанымен, артында өшпес шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Ай мен Айша» туындылары тұрғанда қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай бермек.
Дулат Исабеков, драматург-жазушы:
- Шерағаң адал жолдың ақ қолдаушысы, Қыдыры деп айта аламын. Шерағаңның басқа басшылардан ерекшелігі - ол еш уақытта ішіне кек сақтамайтын. Басқа басшылардың атына бір артық ауыз сөз айта қалсаң, сенің шығармаңды газет бетіне жолаттырмайтын.
Ер еңсесін тіктесін деп, оған сүйенген ел кері кетпесін деген Шераға қай басылымды басқарса да, қасына мінезі бар азаматтарды жинады. Қайраткер ұзақ жылдар Алаш арыстарының қысылтаяң кезін суреттеген «Қызыл жебе» романын жазды. Бұл кітап қоғамды елең еткізіп, жастарға жігер сыйлады. Осы еңбекпен қаруланып өскен ұрпақ бүгін бабалар жолымен елге еңбек етіп жатыр.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
- Бүкіл еңбегін саралай келе айтатын болсақ, Алаштың арыстаны еді ғой. Шер заманның Шерханы болды. Бетің бар, жүзің бар демей, айтарын ашық айта білген адам. Көптеген сөздері елдің, халықтың аузында қалды.
Жазушының артында қалған атан түйеге жүк болар мол мұрасын бүгінгі буын салмақтай біледі. Ал, кейінгі ұрпаққа оны ұғу - аманат. Сөз киесін өзімнің кием деп білген қаламгер қай еңбегін болмасын, халықтың тұрмысына арнады.
Бауыржан Жақып, ақын:
- Ол кісінің үлкен бір қыры - журналистік қыры. Қазіргі «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Жалын», «Жұлдыз» сияқты басылымдарда еңбегі бар.
Қазақ баспасөзі мен телерадиосының даму тарихында Шерхан Мұртазаның қолтаңбасы айқын. Өйткені, ол жазушылық пен қайраткерлікті қатар алып жүрген еді. Сөз өнеріне имене келген жас буынның қанатын кең сермеп, алысқа ұшуы үшін ықпал еткен. Сондықтан, бүгінде ел ішінде Шерағаңның шекпенінен шыққан деген ұғым қалыптасқан.
Ерлан Қарин, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:
- Тәуелсіздік жылдарында ұлттық телевизияның негізін қалап, өз қолтаңбасымен бірнеше бағдарламаларға жол ашқан болатын. Әрқашанда өзінің қайсар мінезімен, шыншылдығымен танылды, Шераға деген кезде әрқашанда оның осы турашыл мінезі еске түсетін.
Қазақтың рухани кеңістігінде, қолына қалам ұстап өмірін ұлт мұратына арнаған кез келген азаматтың өз орны бар. Ал, солардың арасында қайсар мінезімен ел үшін қызмет еткен тұлғалар саусақпен санарлық. Ұлт намысы сыналған шақта Шерхан Мұртаза жанкешті еңбегімен қайыспас қара нардың жүгін көтерген еді. Ерен еңбегі де ескерусіз қалмады. Қазір қолына қалам ұстаған әрбір қазақ баласы қазақтың Шерханы жазған тағылымды туындыларын оқып, іргелі істерін үлгі тұтады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.