Басты Жаңалықтар Азық-түлік сапасына баса назар аударылады

Азық-түлік сапасына баса назар аударылады

Бүгінде халыққа сапасыз әрі денсаулыққа қауіп төндіретін тауарлардан қорғайтын тұтас саясат жоқ.  Елбасы биылғы Жолдауында қоғам үшін маңызды осы мәселеге тоқталып, оны шешу үшін Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Келер жылдан бастап арнайы бақылау комитеті құрылады. Ол азық-түліктің сапасын қадағалап, ел азаматтары үшін қауіпсіз болуын назарда ұстайды.

Арман Құрманғалиев қазір асты талғап, тауарды таңдап  жүріп сатып алуға тырысады. Себебі, жақында ғана дүкенде айран мен шұжық алып, ұшынып қалған. Содан бері бұл тауарға сескене қарайды. «Сондықтан, халық тұтынатын заттарға деген талап жоғары болса», - дейді. 

Арман Құрманғалиев:

-Дүкен сөресінде, асханада сапасыз тауарға кездескен кезім болды.  Соған енді аздап денсаулығыма да зиян келді. Мынау ас-тағамдарына байланысты қатаң тексерістің көбейгені өте дұрыс деп білемін.

Ал күні кеше ғана Қостанай қаласында жасөспірім қыз нан жеймін деп, ажал құша жаздады. Бөлкенің ішіндегі жаңқа оның тамағына тұрып қалған.  Емханаға барғанда алғашында оған ангинаның дәрісін жазып, үйіне қайтарған. Тек үш күннен соң жағдайы нашарлаған қызды ата-анасы қайта тексеруге әкелгенде, дәрігерлер әлгі жаңқаны анықтай алған. Бұл жағдайдан кейін наубайханаға тексеріс жасалып, бірқатар заң бұзушылықтар тіркелген.

Светлана Жукова, Қостанай қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының бас маманы:

-Өндірісте тұз құрғақ күйінде пайдаланылған және өндірісті қадағалау бағдарламасы бекітілмеген. Анықталған келеңсіздіктерге сәйкес жеке кәсіпкерге айыппұл салынды. Сондай-ақ, осы кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою туралы ескертілді. Енді сол талаптардың қалай орындалғанын тексеретін боламыз.

Бұл қазіргі нарықтағы жағдайдың тек шет жағасы ғана. Гендік модификациялық өнімдер, химиялық қоспалар қазіргі біз тұтынып жүрген азық-түлік арасында жиі кездеседі. БҰҰ-ның мәліметінше жыл сайын ғаламшарда арам астан 2,5 млн. адам ажал құшады екен. «Ал біздің елде сырттан келетін сапасыз тауарға төтеп беру тетігі әлі де әлсіз», - дейді мамандар.

Тұрсын Бабкенқызы,  «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасының орынбасары:

-Бүгінгі күні біздің елімізге келіп жатқан тағамдардың 40 пайызы фальсификат деп айтуға болады. Ол не себептен болып жатыр? Біріншіденр келген тағам өзін дәлелденуі керек. Сертификаттануы керек. Сол сертификаттар 70 пайызы Ресей мен Беларусь елінен келіп жатқан көрінеді.

Ендігі таңда сапаға баса назар аударылмақ. Ұлт саулығы-мемлекеттің басты басымдығы. Мемлекет тарапынан бақылау күшейіп, сөредегі азық-түліктің талапқа сай болуы қатаң қадағаланады.

Осылайша, енді бұқара халық тұтынатын заттардың сапасына жауапты  комитет құрылмақ. Бұрынғыдай жауаптыны іздеп, мекемеден мекемеге сілтеу доғарылады.  

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу