Елімізде қарапайым халыққа қолжетімді спорт кешендері бар ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қарапайым халыққа қолжетімді спорт кешендері бар ма?

09.10.2018

Дені сау ұлт қашанда  жетістікке  жетеді.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған әрбір Жолдауында ұлт болашағының кілті дені сау, саламатты өмір салтын ұлықтаған ұрпақта екендігін қайталап айтып келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарабына сай адам денсаулығының 10 пайызына ғана дәрігерлер шипа болса, қалған 90 пайызына пенденің өзі арашашы. Яғни, адам денсаулығының жақсы болуы өзін-өзі күтуімен тікелей байланысты. 60-ты алқымдаған Виктор Спицын әр күнін жүгіруден бастайды. Жазда таза ауада шұғылданады. Күн суыта жылы жер табуы кажет. 

Виктор Спицын, зейнеткер:

-Әрине, балалар спортты арзан әрі қолжетімді болғанын қалар едік. Қазір ақшасы бар адамдар үшін ғана спортпен шұғылдануға болады. Спорттың кез келген түрі балғындар үшін тегін болса игі еді.

Дені саудың, жаны сау. Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігі тұрғындардың ғұмыр жасының ұзақтығымен де өлшенеді. Бұл көрсеткіш сол елдегі жағдайдың қалай, қайтіп, қайда бет алғанын көрсетсе керек.

Елордадағы кешендер түрлі мекемелерге бағынышты. «Алатау» спорт кешені Ішкі істер министрлігіне, «Астана» кешені Президенттің қауіпсіздік қызметіне қарайды. Олар өздері бағынатын мекеме қызметкерлеріне жеңілдік жасағанымен, сырттан келетіндерге өзге тариф бекітіп қойған. Әлгі қымбатшылықтың қылтиып шыға келетін себебі де осы. Астанадағы «Қазақстан» кешені бірер ай бұрын қалалық әкімдік қарамағына өткен. Оның өзі қазір «жөндеу» деп жабық жатыр. 

Жанат Имашева, қала тұрғыны:

-Тегін спорт түрлері бар. Бірақ, ол жеткіліктсіз. Ондай жерге балалар көп барады да, балаға уақыт бөлінбейді. Сондықтан, жекеменшік жерлерге барамыз. Оның бәрі қымбат шығады.

«Қазақстан» спорт кешені жанындағы «Барыс» мектебі хоккейшілерді әзірлейді. Қызметі тегін. Бір орынға 50 бала таласқан. Жүзден жүйрік шыққандар айдында сырғанап жүр.

Владимир Захаров, бапкер:

-Таңғы 6-дан 15 минут кеткенде алғашқы топтың дайындығы басталады. Әлбетте, ересек балалар таңсәріден шұғылданады. Үзіліссіз жұмыс істейміз. Соңғы топтың дайындығы кешке 8-де аяқталады.

Жалпы қазір Астанада оқу орындары мен басқа да мекемелерге қарасты барлығы 500-ден астам спорт кешені бар. Олардың бәрі жұмылып тәулігіне 40 мың адамға қызмет көрсетеді. Бұл қала бойынша қазіргі сұраныстың 10 пайызына да жетпейді. Олқылықтың орнын толтыру Жолдау жүктеген міндет осы болса керек.

Ғабит БӨКЕНБАЙ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу