Теріскейде орақ науқаны аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде орақ науқаны аяқталуға жақын

08.10.2018

Бүгінде астықтың 95 пайызға жуығы  жиналды. Астықтың шығымдылығы да жаман емес. Облыс бойынша гектарына орта есеппен 18 центнерден өнім жиналды.

«Шағала Агро» шаруашылығының егістік алқабы 28 мың гектар. Негізінен арпа, бидай және  зығыр, рапс секілді майлы дақылдар өсіреді. Бүгін-ертең дәнді дақылдарды оруды аяқтайды. Шығымдылығы да жаман емес, гектарынан 28 центнерден алуда. «Бірақ, бұл – жоғары көрсеткіш емес», - дейді диқан.

Жомарт Омаров, «Шағала- агро» ЖШС директоры:

- 62 центнерден өнім алды деп жатыр. Ол нені көрсетеді? Ол мүмкіншіліктің барлығы. Сондықтан, бұл біздің ары қарай дамитынымыздың дәлелі. Егер кеңес кезінде орташа 15-16 центнер жақсы өнім болса, қазір біз өз жерімізде 28 центнерден алып жатырмыз. Әлі де болса аз, орташа есеппен 40-тан алып отыру керекпіз.

Есенбек Жұмабаев шаруашылықтың маңдайалды комбайншыларының бірі. Орақ басталғалы бел жазбай еңбектеніп жүр. «Елбасының кешегі Жолдауын тыңдап, ертеңгі күнге деген сенімім нығая түсті», - дейді ол.

Есенбек Жұмабаев, комбайншы:

- Қазіргі ауыл тұрғындарына жұмыс қыс уақытында жоқ. Қазір мал шаруашылығы ашылса, жұмыс орындары болса, жақсы болар еді. Жастар ауылда қалар еді. Ауыл дамыр еді.

Елбасы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2022 жылға дейін 2,5 есеге арттыруды жүктеді. Бұл  диқандар көкейіндегі мәселе.

Қазіргі күні теріскей танаптарындағы техникалардың басым бөлігі мынандай Джондир, Класс секілді қуаттылығы жоғары комбайндар. Ал, олардың астықты ысырапсыз жинап алуға сеп болатыны бірнеше мәрте дәлелденді. Елбасы Жолдауында жүктеген басты міндеттердің бірі ол шетелдік агротехнологияларды енгізу. Ал, шетелдік техниканы тізгіндеген қазақтың, техонологияны игеріп алатындығы анық.

Солтүстікқазақстандық диқандар жыл сайын 1,5 миллион тоннадан артық бидай және 200 мың  тонна майлы дақыл экспорттайды. Осыған дейін экспорттың басым бөлігі шикізат болса, енді дайын өнімді саудалауға бетбұрыс жасалды. «Бұл ел экономикасын дамытуға қосқан үлесіміз», - дейді теріскейлік диқандар. 

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу