Басты Жаңалықтар Ғылыми жаңалықтардан табыс табу талқыланды

Ғылыми жаңалықтардан табыс табу талқыланды

Ғылым саласына ішкі жалпы өнімнің кем дегенде бір пайызы бөлінуі керек. Қазір бұл көрсеткіш бізде небәрі 0,13 пайыз. Бұл туралы бүгін ғылым мен бизнес өкілдерінің халықаралық форумында айтылды. Аталған шарада өндіріске енгізіліп, ақша таба бастаған ғылыми жобалар көрмесі де өтті.

Басқа-басқа экс-министр, қазіргі сенатор Бақытжан Жұмағұлов білім-ғылым саласын жетік біледі. Оның сөзінше, халықаралық тәжірибеде ішкі жалпы өнімнің кемінде 1-2 пайызы ғылымға бөлінеді. Бізде бұл көрсеткіш 0,13 пайыздан аспайды екен. «Мұны жарты пайызға жеткізсек те жаман болмас еді», - дейді сенатор.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Елбасы кезінде ғылымды қаржыландыруды бір пайызға жеткізу керек деген тапсырма берген. Егер де біз ғылымды қаржыландыруды бір пайызға жеткізіп, одан асырмасақ инновациямыз, коммерциализациямыздың бәрі бос сөз болып қалады.

Сенатор ғылымды қаржыландыру мәселесін депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдайтынын жеткізді. Дегемен, қаржыландыру аз екен деп ғалымдар қол қусырып қарап отқан жоқ. Аз да болса, біршама жобаны өндіріске енгізген. Тек биыл 12 ғылыми жаңалық өндіріске еніп, оның 8-і 400 миллион теңгеден астам табыс түсірген.

Әнуарбек Сұлтанғазин, ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:

 -Бюджеттен алған қаражатымыз 2 жылдың ішінде 7 миллиард. Негізі жылдың аяғына дейін біздің табыс 600 миллионды болады. Ары қарай дами береді.

Осындай бірегей жобаның бірі Қарағанды фармацевтикалық кәсіпорынының жанынан шығады. Сирек кездесетін жусан шөбінен иммуномодулятор препараттар алу өндірісі іске қосылған. Оған бизнес пен министрлік пен ғылым қоры қаржылай қолдау көрсеткен.

Бораш Төлеуов, химия ғылымдарының докторы, зертхана меңгерушісі:

- Осы ғылым қорынан екі жоба алып отырмыз. Біреуі Орталық Қазақстанда өсетін тұқыр жусаннан алынған арглобинді иммуномодулятор түрінде алу, екінші Орталық Қазақстанда өсетін тәжді түймебас деген шөптен алынған эдисоп деген сироп алу.

Жалпы, ғылыми жаңалықтарды коммерциялау мәселесі 3 жыл бұрын ғана қолға алынды. Осы аралықта 90-нан астам жаңалық өндіріске енгізілген. Олардың бір парасы бүгінгі жиында жұртшылыққа көрсетілді. Ортақ мақсат - ғалымдар мен кәсіпкерлерді табыстырып, жобалардан табыс табу.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу