Атырауда қаланың ескі бөлігіндегі үйлер мен бірқатар нысандар бұзылады. Баспанасы ысырылатын тұрғындардың берілетен өтемақыға көңілі толмайды. Жепргілікті билік 18,5 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. Алайда, үй иелері толық келіспейінше жуық арада құрылыстың бастала қоюы екіталай.
Биыл 269 үй бұзылуы тиіс. 150 тұрғын баспанасын ысыруға келіскен. Қалғаны жергілікті билікпен әлі бір тоқтамға келмеді. Кейбір тұрғындардың берілетін өтемақы мен баспанаға тіпті көңілдері толмайды.
Рафхат Денишев, тұрғын:
- Біз қазақи үйде тұрамыз. Бізге 9 миллонға қазақи үй алып берсін. Мен 9 миллионға сондай үй ала аламын ба? Оны сотқа жіберемін дейді. Мен 9 миллионды алмады деп сотқа бере ме сонда?!
Ибатолла Бекжановтың үш бөлмелі үйі бар. 8 адам тұрады. Бірақ, мамандар оған бір бөлмелі үй тиесілі деп шешкен. Үйден бас тартсам беретін өтемақысы ештеңеге жетпейді деп налиды ол.
Ибатолла Бекжанов, тұрғын:
- Бой жеткен қызымыз бар. Сонда біз бәріміз бір бөлмеге тығылып отырамыз ба, соны ойлау керек әкімшіліктегілер. Беріп тұрған ақшасы 5 млн. Жаңа үйдің керегі жоқ. Өзіміздікіндей ескі болса да, қазақ үй алып бер дедік.
Көпшілік тұрғылықты жерінен кеткісі жоқ, сондықтан, биліктен араша сұрайды. Ал, жауапты тұлғалар заң жүзінде әрекет етеміз деуден танбай отыр.
Арслан Аронов, Атырау қалалық «Бас жоспар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:
- Ештеңеге келіспей, ақшаны да аз деп, үйді алмаймыз деп отырған кісілердің жұмыстары сот ретінде шешіледі. Сотқа беріп жатырмыз. Бүгінгі күні 40 объектіні сотқа бердік. Қалғандары даярланып жатыр. Қазақ үйге қазақ үй, корпус үйге корпус үй деген, ондай заңда жазылмаған.
Ескі үйлердің орнына жоспар бойынша әлеуметтік нысандар салынбақ. Бүгінде бұзылатын 204 үй 5 млрд. 500 млн. теңгеге бағаланып отыр. Қалған 65 баспананың жалпы құны жуық арада әзір болады. Егер тұрғындар толықтай келісім берсе ғана, ескі үйлер1 айда сырылмақ.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.