Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы сегіз көпір жарты ғасырға жуық уақыт күрделі жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жеткен нысандардан өту жүргіншілер үшін қатерге бас тігумен бірдей. Әсіресе, Торғай және Қабырға өзендерінің үстінен салынған үш көпір апатты жағдайда. Шалғайдағы ауылдар үшін маңызды нысандар неге назардан тыс қалды?
Жанкелдин ауданының оңтүстігіндегі 5 ауылға апаратын жалғыз жол осы көпірдің үстімен өтеді. Нысанның Торғай өзенінің үстінен салынғанына жарты ғасырға жуықтаған. Қазіргі жағдайы көңілге қорқыныш ұялатады. Жан-жағының топырағы опырылған, тіреулері тозған, ал, ортасы қақырап айрылып кеткен.
Шұбалаң ауылының тұсындағы қалтылдаған көпірден қалтырамай өту мүмкін емес. Сәл қиыс кетсеңіз, көлік дөңгелегі жарыққа кептеледі. Шығып-түсетін жерінің де ой-шұқыры көп. Соның кесірінен жүргізушілер көліктерін жиі зақымдайды.
Қаламбек Нұрғалиев, Қалам-Қарасу ауылының тұрғыны:
- Қалам-Қарасуда да осындай көпір бар. Екі жағын кеше ғана тегістеді. Жаздай тұрды. Бамперымызды жұлып алды. Астын жұлып алды.
Сынған көлікті жөндеу ауыл тұрғындары үшін аз шығын емес. Бірақ, жолаушылар ең бастысы – өз өмірлері үшін қауіптенеді.
Қаламбек Нұрғалиев, Қалам-Қарасу ауылының тұрғыны:
- Осы жерден иманымызды үйіріп өтеміз. Өткенде екі көлік қарсы келіп, біреуі жол беремін деп жарыққа түсіп кетті. Сырттан келгендер білмей түсіп кетеді.
Жәнібек Қасымұлы, Көкалат ауылының тұрғыны:
- Көпірдің арасы ашық жатқан соң кім қорықпайды, бәрі қорқады ғой. Басқа айналып өтетін жол жоқ қой. Бір-ақ көпір осы.
Биыл үш көпірдің біріне техникалық сараптама жасалды. Мамандар нысан апатты күйде деген тұжырым шығарған. Енді оны жөндеу үшін облыстың келісімі және қаржысы қажет.
Назымбек Байділдин, Жанкелдин аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Күрделі жөндеу үшін Шұбалаң көпіріне 155 млн. теңге қажет. Жоба дайын, сараптамадан өткен, облыстық басқармаға тапсырдық.
Яғни, облыстан қаржы бөлінсе, бір көпір алдағы жылы жөнделеді. Ал, қалғандарына қашан кезек келетіні белгісіз.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.