Атырауда тұрғын үй құрылысы қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда тұрғын үй құрылысы қарқын алды

04.10.2018

Атырауда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Өңірде қазір 44 көпқабатты баспана салынуда. Жыл аяғына дейін олардың 34-і ел игілігіне берілуі тиіс. Алайда, жаңа баспанаға қол жеткізе алмай, сарсаңға түсіп жүргендер де жетерлік.

Қымбат Қайырқұлова ескі жатақхананың аядай бір бөлмесін 18 жылдан бері паналап келеді. Өзі екінші топтағы мүгедек. 10 жылдан бері үйдің кезегінде тұр. 

Қымбат Қайырқұлова, тұрғын:

- Кезек 85-100 адамнан жылжиды. «Мен сонда қашан үй алуым керек» деп, жоғары жаққа барғанда да айтатын жауаптары «кезегіңмен аласың».

Облыс бойынша 23 мың тұрғын кезекте тұр. Оның 7 мыңға жуығы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Жыл сайын өңірде баспанаға деген сұраныс артып келеді.  

Рафхат Жолдиев, Атырау қалалық ТҮКШ тұрғын үй секторының меңгерушісі:

- Үйдің берілу санынан адамдардың кезекке тұру саны көбейіп кетіп, екі ортада айырмашылық пайда болды. Енді қазіргі уақытта, біз үкіметтің саясаты - кредитті үйді көбейтіп жатырмыз.

Бүгінде тоғыз қатарлы 70 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Биыл 50-інің іргетасы қаланады деп жоспарланған. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл аяғына дейін мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі.

Қала маңында орналасқан Талғайраң ауылында да 60 үй салынуда. Отандық өнімдерден салынып жатқан «бұл үйлердің сапасы жоғары», - дейді мамандар. Баспананың бір ерекшелігі электр энергиясын үнемдейді, әрі жылуды ұстап тұрады.

Әр жеке үй 8 соттық жерге салынған. Пилоттық негіздегі бұл үйлер кредиттік жүйеге сәйкес беріледі. Жаңа елді мекенге тұрғындар желтоқсан айына дейін қоныстанып болмақ.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу