Қазақстан барлық салаларда, оның ішінде тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін халықаралық компанияларға барынша тартымды ел. Себебі, биыл жазда күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы жаңа кодекс әлемдік стандарттарға сай әзірленген. Бұл құжат бүгін Мәскеу қаласында өтіп жатқан «Майнекс» форумында инвесторларға жан-жақты таныстырылды.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
-Тау-кен өндірісі саласына инвестиция тарту жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақ елі 24-ші орынға көтерілді. Оның үстіне соңғы кездері, елімізде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар үшін әкімшілік кедергілері азайтылып, бизнесті жүргізу барынша жеңілдеді. Сондықтан, Қазақстан шетелдік компанияларды біздің елімізде жұмыс істеуге шақырып отыр. Мәскеуде өтіп жатқан «Майнекс» форумында баяндама жасаған еліміздің Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы кездері Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану саласында бұдан басқа да бірқатар оң өзгерістер бар.
Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
-Қазақстанда биыл жазда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы жаңа кодекс күшіне енді. Соған сәйкес енді инвесторларға лицензия 15 күннің ішінде беріледі. Бұдан бөлек, инвесторлардың барлық құқықтары әлемдік стандарттар бойынша қорғалған. Жаңа кодекс Австралия, Канада сынды елдердің ең үздік тәжірибесі бойынша дайындалды. Бүгін мен шетелдік компанияларға осы құжатты жан-жақты таныстырдым.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
-2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Майнекс» форумы пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу саласындағы мәселелерді талқылауға арналған Ресейдегі ең ірі шараның бірі. Бұл жерде бір алаңда тау-кен компанияларының өкілдері, осы саланың қыр-сырын жақсы білетін сарапшылар және қаржыгерлер өзара кездесіп, әлемдік жер қойнауын пайдалану саласындағы проблемаларды, тың тенденцияларды бірлесіп талқылайды. Сонымен қатар, бұл жерде озық инновациямен танысып, өзге елден келген шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізуге жақсы мүмкіндік бар. Бұл форумға әлемнің 500-ден аса компаниясы қатысып жатыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.