Алматыда оқушыны ұрған мұғалім жазаға тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда оқушыны ұрған мұғалім жазаға тартылады

03.10.2018

Өзгеге қол көтеріп, соққыға жығу жағынан дәрігерлерден мұғалімдер де қалыспайтын сияқты. Алматыда тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған №10 жалпы білім беретін мектеп-интернатында оқушыны ұрған мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мегаполисте бұған дейін де бала тәрбиесіне қатысты қол жұмсау деректері бар екені айтылған. Бірақ, сынып ішінде бейнебақылау камерасының жоқтығынан ондай әңгімелер жабулы қазан күйінде қалып келді. Көзбен көріп, қолмен ұстамағаннан кейін құқық қорғау орындары мұндай әрекеттің барына сенбейтін. Әрі дәлелдеу де оңай емес еді. Дегенмен, осы жолғы қол жұмсаудың әшкере болуына оқушылардың өздері ықпал етті.

Бұл видеоны сыныптың ішінде отырған бір оқушы түсіріп алған. Ата-анасы сұмдық жағдаймен өзгелер таныссын деп  «Instagram» әлеуметтік желісіне салған.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

-Оқушылардың айтуы бойынша оқиға дәл осы жерде басталған. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мына жөнделмеген алаңда шашылып жатқан тастарды алған оқушылар қоршаудың арғы бетіндегі үрген иттерге лақтырған. Сол тастардың бірі тиген үй қожайыны мектеп ұжымына шағым айтқан. Сол шағым бойынша тәрбиеге жауапты мұғалім бірден оқушыға өзінің жазасын берген.

Дәл сол мезетте адуынды тәрбиешінің әрекетін көрген дәрменсіз мына екі оқушы да таяқ жеген сыныптасының қасында үрейленіп тұрған. Ата-анасынан ұрыс естіп көрмеген балалар ашуға булыққан мұғалім бізге де тап бере ме деп қорқыпты.  

Мектеп-интернаттың оқушылары:

-Бізге өте қорқынышты болды. Шынымызды айтсақ, қатты қорқып кеттік. Кешірім сұрап жалындық. Ұстазымыз кешіргендей болды. Одан кейін жатын орнымызға кетіп қалдық.  

Балалардың айтуынша, бұл алғашқы жағдай емес. Тәрбие берудің орнына қол ала жүгірген тәрбиешіден жапа шеккен Әділет бұған дейін де оның қол жұмсағандығын айтты.

Әділет, мектеп-интернаттың оқушысы:

-Жаман зат істесек, бізді ұратын, тебетін.

Ал, Әділеттің анасы баласының болашағын ойлап арыз жазбапты. Дегенмен, тәрбиешінің әрекеті жүрегін ауыртқан.

Қаламқас Жұмабекқызы, Әділеттің анасы: 

-Баламның бұған дейін де денелері көгеріп, сызылып, ұрылып келетін. Мен мына видеоны көргеннен кейін жағдайым өте қиын болды. Екі күн ауырып, жұмыс та істей алмадым. Енді білмеймін не айтарымды. 

Білім беру мекемесінің ішінде не болып жатқандығын әлеуметтік желіден бірақ көрген мектеп директоры жағасын ұстаған. Сөйтіп, тәрбиешіні бірден жұмыстан шығарып жіберген.

Ал, тек заң бойынша әрекет ететін қалалық Ішкі істер департаментінің тергеушілері оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

-Бүгін Қылмыстық Кодекстің 140-бабымен көзделген қылмыстық істі қозғап, қазіргі таңда барлық тергеу амалдары қолға алынды. Сот-медициналық сараптама балаға келтірілген дене жарақаттарының ауырлығы деңгейін анықтайтын болады. Десек те, қандай нәтиже көрсетпесе де кінәлі адамдар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Жалпы білім беретін мектеп-интернатта 180 оқушыға орын бар. Алайда, қазір мұнда 262 оқушы оқиды. Оларға 55 мұғалім сабақ берсе, оның 18-і тәрбиеші. Мектеп ұжымы енді осы тәрбиешілердің жауапкершілігін күшейтпек. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу