Дизель отынының бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дизель отынының бағасы қымбаттады

02.10.2018

Бізде осы азық-түлік бағасының қымбаттауын реті болса да, болмаса да, жанар-жағармай құнының қымбаттауымен байланыстыратын «әдет» бар. Дәл қазір «бензин қымбаттап жатыр екен» деген суыт хабар ести қойған жоқпыз. Дей тұрғанмен, кейбір өңірлерде дизель бағасы біршама көтеріліп, 200-ден асқан. Әсіресе, мұндай жағдай әлі астықты түгел жинап болмаған өңірлерде байқалады. Қымбатшылық пен қолайсыз ауа райы екі қапталдан қысып жатқанда жауаптылар қандай шара қолданып жатыр? Шаруалардан басқа көлігі дизельмен жүретін жүргізушілер де сабылып жүр.

Жүк көтеру көлігін тек дизельмен жүргізетін Батырға қымбатшылық қатты батты. Ол арзандау бекет іздеп қаланы шыр айналғанын айтады. Күнкөрісі манипулятор техникасында. Тұрып қалса, табыстан да қағылады. 

Батыр Оралов, көлік жүргізуші:

- Арзан жерді қарап жүрміз. Арзан жерден құюға тырысамыз. Бағасы қымбат болған қиын. Енді қыс келе жатыр, қанша болады білмейміз.

Рашид Дәулетов, көлік жүргізуші:

- Ұят. Бізге осы жерден анау жерге дейін 25 литр жетпейді. Соның өзінде бізге рейсіне 20 мың берсе, 5-6 мың-ақ теңге қалады. Сайманы бар, басқасы бар.

Жүргізушілердің жүзінде күлкі жоқ. Егіншілер де еңіреп отыр. Дизель отынының бағасы шарықтаса, шаруашылықтар да шатқаяқтап қалады.

Виктор Клятский, «Петровское-2» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Жанар-жағармай күн сайын қымбаттап барады. 199 деген сұмдық қой. Кей бекетте 194, енді бірінде 199 теңге. Енді бұл пішен бәсімен бірдей деген сөз ғой.

Бұл бәске тәубе дерсіз. Қымбатшылықтың көкесі алда. Қостанайда жанар-жағармай бағасы 210, ал, қысқысы 260-қа дейін барады. 

Ыбыраш Естаев, шаруа:

- Неге осы көбейе береді? Неге? Бір жылда 2-3 рет көбейтеді. Бұл неғылған адамдар екенін білмеймін. Масқара. Біраз шаруашылықтар құлайды. Шағын шаруашылықтар, орташа шаруашылықтардың шамасы келмей құлауы мүмкін. Банкротқа ұшырауы мүмкін.  

Теріскейде де жағдай келісіп тұрған жоқ. Дизель отынының бағасы удай. Ең арзаны 193 тг. болса, кей жерде 210-нан сатылуда. Алайда, 5 млн. га астам алқаптағы астықты жинап алу керек. Бір жағынан қымбатшылық қысса, екінші жағынан ауа райының қолайсыздығы қолбайлау. Дегенмен, егінді суыққа тоңдырмай орып алу үшін шаруаларға мемлекет 75 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді.

Қуандық Шоқыбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл жаңбыр болғасын біз қосымша сұрап отырмыз. Соған 14 мың тонна берілді. Бізге келген соң оны аудандарға бөліп береміз.

Осыдан тура 6 күн бұрын Энергетика министрі дизель отынына қатысты проблема жоқ деген болатын. Тоннасы 188-189 шамасында сатылатынын да айтқан. «Бірақ, литріне келгенде бағасы аспандап тұр», - дейді көпшілік.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Мен күнде таңертең еліміз бойынша жанармай құю бекеттерінен шұғыл ақпарат алып отырмын. Иә, бағасы қымбаттауы да бар. Бірақ, ол Ресейден импортталған дизель отыны. Шекарамен шектес өңірлерде көбіне солай. Негізі ешқандай мәселе жоқ.

Қанат Бозымбаевтан жанармай туралы бүгін қайта сұрадық. Қанағаттанарлық жауап ала алмадық ақыры.

Дизель отынының бағасы сан құбылып тұр. Тіпті кей компаниялардың өңірлердегі жанармай бекеттерінде 191-ден 193-ке дейін сатылып жатыр. Ал, қымбаты 200-ден асты. Жылдағы жағдай осы. Дегенмен, халық жақсылықтан әлі үмітті.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу