Астанада балалар ауруханасында 1 айлық нәресте шетінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада балалар ауруханасында 1 айлық нәресте шетінеді

02.10.2018

Астанада тағы да нәресте шетінеді. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы хабарларды соңғы кезде жиі еститін болдық. Әсіресе, елордада дүниеге келмей жатып, өмірден өтетін сәбилер көбейіп барады. Ата-аналар «әдетте, мұндай жағдайға жол беретін көбіне дәрігерлер», - дейді. Ал, медицина қызметкерлері ондай жағдайға не себеп болғанын түсіндіріп жатады. Бүгін Астанада таң ата тағы бір нәресте қайтыс болды. Сәбидің өмір есігін ашқанына небәрі бір жарым ай ғана болған екен.

Қайғылы оқиға Астана қаласындағы №2 балалар аурухасында тіркелді. Бүгін таңда нәрестесінен айырылған жас отбасы оқиғаның мән-жайын, себебін әлі түсінер емес. Өйткені, баланың дені бұған дейін сау болып келген. «Қайғылы оқиғаға жол берген дәрігерлер», - дейді олар.

Тамыз айында дүниеге келген Әмір Кульдабаевтар отбасының екінші перзенті. Ана құрсағынан шығарда сәбидің салмағы 4 келіге жуық болды. Дені сау нәрестесін аман-есен құшағына алған ата-ана уақыт өте келе баласының салмақ жоғалта бастағанын байқап, дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Олар Әмірді ауруханаға жатқызып, бірнеше апта бақылайды. Салмақ қосу үшін түрлі фирманың бірнеше қоспасын ауыстырып береді. Оның кейбіреуі баланың дене қызуын көтерсе, енді біреуі салмақ қосуына ықпал етті. Алайда, соңғы күндері денсаулығы нашарлап кеше жан сақтау бөліміне түсті.

Диана Кульдабаева, Ералының анасы:

- Баламды мен шу көтерген соң ғана жан сақтау бөліміне жатқызды. Дәрігерлер «бала жақсы, қорқатын ешнәрсе жоқ», - деді. Алайда, ұлым демігіп жатты, іші ісіп кетті. Дәрігерлер оның ішінде газ бар деп жұбатты. Бірақ, ешқандай да газ болмады. Оның асқазаны жұмыс істемеді. Миына ауа бармады. Ақыры жан сақтау бөліміне жатқызды. Мен бала сау болса, неге жатқызасыздар дедім. Ол жақта арнайы аппараттар бар, сәбиді бақылап қан құямыз деп жауап берді.

Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер Әмірге қанды түнде құйған. 1 сағатқа созылатын процесс кезінде нәрестенің жүрегі шыдамай, соғуын тоқтатқан. Мынау осы өмірдің қызығын көрмей жатып, ана өмірге аттанған сәбидің бірнеше апта бұрын түскен суреті. Ал, мынау ауруханаға жатқаннан кейінгі көрініс.

Динара Сүлейменова, туысы:

- Дәрігерлер баланы бақыладық дейді. Жан сақтау бөліміне түсерде оның иммунитеті күресуді тоқтатқан. Неге бізге айтпаған? Барлық анализдерін тапсырарда нәтижесі жақсы болды ғой. Аяқ асты жағдайы неге нашарлап кеткен?

Ал, дәрігерлер балаға қан құйған жоқпыз, ем-домды арнайы протокол бойынша жүргіздік деп отыр. Сәби тамақтану үшін тамырға жаңатоңазтылған плазма енгізген. Баланы жан сақтау бөліміне жатқызу үшін олар белгілі бір тәртіпке жүгініп, консилиум өткізіп барып шешім қабылданған.

Біржан Досмаилов, №2 балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Ата-анасы баланың іші өтіп жатыр деп шағымданды. Сәби ана сүтін емген. Алайда, бұл тамақ қорытылмады. Біздің дәрігерлер қарап шығып, оны ауыр соматика бөліміне жатқызды. Бір айлық баланың ауруханаға түскендегі салмағы 3,6 болды. Нәрестенің ағзасында зат алмасу процесі дұрыс болмады, туа біткен эндокренологиялық паталогия қалыптасқан.

Дәрігерлер балаға түрлі қоспа беріп көрген. Алайда, ол аз ғана нәтиже берді. Ағзаның дұрыс жұмыс істемеуі қайғылы оқиғаға алып келді, өкінішке қарай.

Гүлнар Абляева, №2 балалар ауруханасының бөлім жетекшісі:

- Баланың ата-анасы бізге оны жеке клиникаға алып, емдеткісі келетіндерін айтты. Біз оларға мұндай жағдайда сәбиді ары-бері тасу қауіпті екенін ескерттік. Мұндай қайғылы оқиғаға кез келген жайт әсер етуі мүмкін. Барлық емді біз бекітілген протоколмен жүргіздік. 

Соңғы кезде нәрестелердің шетінеуі жиілеп кетті. Әсіресе, Астанада мұндай жағдай жиі қайталанады. Жаңа туған баласынан айырылған жас ата-ана тәуелсіз медициналық сараптамаға жүгінді. Олар қайғылы оқиға аурухана дәрігерлері кінәлі деген ойынан бас тартпайды. Нәтижесін сараптама қорытындысы көрсетеді. 

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу