Қарағанды облысында Күн электр станциясы салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында Күн электр станциясы салынуда

02.10.2018

Қарағанды облысының Гүлшат елді мекені маңында қуаттылығы 40 мегаватт болатын Күн электр станциясы салынуда. Қазір құрылыстың 30 пайызы аяқталды. Жыл соңына дейін баламалы энергия өндіру кешені іске қосылады деп жоспарланған.

Жаңа станция Балқаш қаласынан 50 шақырым жерде. Жобаға шетелдік компания 46 миллион доллар инвестиция құйып отыр. Күн электр станциясының жалпы аумағы 100 гектарды құрайды.  Көкше көл жағалауындағы Гүлшат елді мекеніне жақын дәл осы жер  ғалымдардың зерттеуінен соң арнайы таңдалған.

Төлеген Аханов, құрылыс компаниясының бас директоры:

- Гүлшат елді мекенінің маңындағы бұл жерге Күн сәулесі өте жақсы түседі. Жауын-шашын аз түседі. Бұл Балқаш көлінің жақындығымен байланысты болса керек. Қолайлы ауа райының арқасында жыл он екі ай станция тұрақты түрде энергия өндіре алады.

Қазір құрылыс жұмыстары 30 пайызға орындалды. 122 мың панель қойылды. Жобаны жүзеге асырушы құрылыс компаниясы бұған дейін Жамбыл облысында да станция салған. Құрылыс басында қазір 200-ден астам адам еңбек етуде.

Саламат Баймахатов, аға шебер:

- Осы жобаны талмай, тынбай сәтімен аяқтауды мақсат етіп отырмыз. Жаңа жылға дейін іске қосып, алғашқы энергияны береміз. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Жалпы, бұл қуаттылығы жағынан облыстағы екінші Күн электр станциясы болмақ. Саран қаласы маңында 100 мегаваттық кешеннің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сарқылмас қуат көздерін жаңа технологиялар көмегімен пайдаланудың тиімділігі зор. Бұл электр энергиясының жетіспеушілігін анағұрлым азайтады.  

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу