Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды
Қазір аймақта «Smart city» тұжырымдамасы бойынша 37 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол қандай жобалар? Тиімділігі қандай? Сыр елінде бас қосқан Қазақстан және Ресей сарапшылары осы және өзге де мәселелерді талқылады.
Цифрландыру бағытындағы жұмыстарды тиімді үйлестіру үшін өңірде цифрлық технологиялар басқармасы құрылды. 293 мектеп «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесі электрондық журналына тіркелген.
Емдеу мекемелері «қағазсыз айналымға» көшіп жатыр. Интеграцияланған операциялық жүйе өлім қаупін азайтып, жылына 3000-ға дейін ота жасауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығында «Агробиржа» жобасы енгізілді, кәсіпкерлік саласында «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесмендерге 40-тан астам қызмет түрін көрсетеді.
Сондай-ақ, жер учаскесін жалға беру-сату процесін автоматтандыру бойынша «Жер учаскелерінің онлайн-аукционы» жүйесі құрылды.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
- Цифрландыру - біздің өңірдің дамуында стратегиялық басымдыққа ие. Біз жастарымызды да осы бағытта білім алуына қолдау жасаймыз. Қазір 500-ге жуық Ресей гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі жоғары оқу орындарында, Татарстандағы Иннополис университеттерінде білім алып жатыр. Оның жетпіс пайызы ІТ саласына бағытталған.
Уран өндіру өнеркәсібінде «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-Сайран» ЖШС-нің тазарту цехында дайын бұйымдарды жинау блогының роботтық кешенін енгізу тәжірибесі бойынша зерттеулер жүргізуде. Роботтық кешенді енгізу өнімді тасымалдау-орауға қатысты барлық алгоритмді автоматтандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан осы секілді өзге де жемісті жобаларға Ресейлік сарапшылар қызығушылық танытты.
Владимир Киселов, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының профессоры:
- «Бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерге қызмет көрсету жүйесі маған қатты ұнады. Өте тиімді екен. Кәсіпкер уақытын құжат жинауға, алуға жоғалтпайды, яғни, ісіне еш кедергі келмейді. Небәрі 3 күннің ішінде қажетті құжаттарын рәсімдеп алса, керемет емес пе?!
Сыр елінде бас қосқан мамандар жобаларды жүзеге асыру тәсілдерін ортаға салды, өзара тәжірибе алмасты. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы