Ұлттық арнаның редакциясына Астана қаласының тұрғындары хабарласып, шағымдарын жеткізді
Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлттық арнаның редакциясына Астана қаласының тұрғындары хабарласып, елімізге танымал байланыс операторының бірі үйлерін құртып кеткендерін айтып шағымданды. Айтуларынша жақында ғана күрделі жөндеуден өткен баспанаға «Билайн» компаниясы ескертусіз кіріп, интернет жүргізбек болып, үйдің қабырғаларына зақым келтірген. Қазір соның зардабын жоғары қабаттың тұрғындары тартып отыр.
Абылайхан көшесінде орналасқан ескі үйлер осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үй жаңғырту бағдарламасымен күрделі жөндеуден өтті. Пәтер иелері кооперативі әр тұрғынға қол қойдырып, бағдарлама бойынша 7 миллиондай несие алып, үйдің іші-сыртын ретке келтірді. Алайда, олардың қуанышы көпке созылмады. Белгілі «Билайн» компаниясы тұрғындардың рұқсатынсыз интернет кабельдерін орнатып, жөнделген жерлерді бұзып кеткен.
Венера Тілеубергенова, қала тұрғыны:
-«Билайн» компаниясының бригадасы келіп, тұрғындарды ескертпестен төбеге шығатын есіктегі құлыпты бұзып, өз аппараттарын орнатты. Сапасыз жұмыстан кабель жүргізілген жерлерде тесіктер пайда болды. Бірнеше күннен кейін қатты жаңбыр жауып, 5-ші қабаттағы 13-ші пәтерді су басты.
Үйге берілген 7 миллион теңгені әр пәтерге бөлгенде орташа есеппен 3 мың теңгеден шығады. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы компания өкілдерін шақырып, төбені қайта қалпына келтірулерін талап еткен. Алайда кабель жүргізген бригада өкілдері телефон тұтқасын көтермей, тілдесуден қашқан.
Любовь Каракулько, «Түркістан» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Міне, «мен қайта хабарласамын» деп қысқа хат жіберді. Ылғи осылай. Акт дайындап компания өкілдерін бірнеше рет шақырдық. Көпке дейін келмеді. Тек бір рет Асқар есімді кісі келіп, барлығын өз көзімен көрді. Алайда, актқа қол қоюдан бас тартты. Бірақ, мәселені шешеміз деп кетті. Осы уақытқа дейін ешкім келмеді.
Пәтер иелері кооперативі компанияға шағымданып, сотқа бірнеше рет арызданып көрді. Алайда, істе жеңіліп қалды. Себебі, сот үйдің төбесін бұзған нақты осы компания деген дәлелдерің жоқ деген. Кімнің кінәлі екенін анықтау үшін «Билайн» компаниясына хабарласып көрдік. Ірі байланыс операторының орталық бөлімі бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Дегенмен, арнайы адам бөліп мәселені анықтауға уәде берді.
Компания шешімді сараптама қорытындысы бойынша дайындайды. Байланыс операторының бұл жауабына тұрғындар бір қуанып қалды. «Дегенмен, аз да болса көңілде күдік бар»,- дейді олар.
Бақытжан Омар, тілші:
-Төбеден салбырап тұған кабельдер онсыз да реңі қашқан үйдің көркін кетіріп тұр. Тұрғындар енді келген шығынды кімнен өндіріп аламыз деп бастарын қатыруда. Бар үміт Ұлттық арна арқылы өткен бейнесюжеттің тиісті органдарға жетуінде.
Бақытжан ОМАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы