Басты Жаңалықтар Ақтауда салық төлеушілер Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратына сыймай жатыр

Ақтауда салық төлеушілер Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратына сыймай жатыр

Осы цифрландыру ісі дұрыс қолға алынбай, халықты мекемелерге сабылтуға мәжбүр ететін мекемелерден «енді құтылдық па» деп жүрген ұзын-сонар кезектер пайда болатыны белгілі. Сондай жағдайды Ақтаудағы Мемлекеттік кірістер басқармасынан байқауға болады. Онда салық төлеуге келген тұрғындар мекеменің ғимаратына сыймай жатыр. Таңғы сегізден бастап кезекке тұрған олар түске дейін қызмет ала алмаған. Себебі, бір-ақ терминал жұмыс істейді екен. Алдымен кезекте тұрып, салығының сомасын анықтаған тұрғындар сосын сол салығын төлейтін кассаның терезесін тағы торуылдауға мәжбүр. Содан ашуға берілген халық бір-бірімен сөзге келіп, өзара айғайласып, ғимараттың ішін азан-қазан қылған.

Қазан айына дейін мүлік пен жердің салығын төлемегендердің банктегі шоты бұғатталады. Осыны естіген тұрғындар таң сәріден салық департаментінде сабылып жүр. Араларында салықты бірнеше күннен бері төлей алмағандар бар. Халықтың көптігі сонша мамандар үлгермей жатыр.  

Құзырлы мекеме «қызметкерлер санын көбейттік», - дейді. Бұрын 3 маман жұмыс істесе, қазір олардың саны 20-ға жеткен. Десе де, халық көп. Кезекті азайту мүмкін емес деп басшылар қол қусырып отыр. 

Бақтияр Ғұмаров, Ақтау қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

- 3 инспектор істейді. Қалғандары адамның көптігінен көмектесіп жатыр. Оларда табло жоқ. Табло жоқтығынан олар адамды осылай қабылдап жатыр.

Мәселе, бір терминалда болып тұр. Одан басқасы жоқ. Адамның көптігінен техника да шыдас бермей, компьютерлер істен шығып жатыр. Әбден жүйкесі тозған жұрт «мына түрімізбен келесі аптаға дейін салықты төлеп құтыла алмаймыз», деп абыржулы. Жаңа тәртіп бойынша қазанның біріне дейін мүлік және жер салығын төленбесе, банк операцияларына шектеу қойылады.

 

А. ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу