Еліміздің медиа саласын әртараптан емес, ортақ мүдде аясында дамыту керек. Астанада өтіп жатқан өңірлік БАҚ форумында Ақпарат және коммуникациялар министрі осылай мәлімдеді. Дәурен Абаевтың айтуынша, елордадағы медиа апталық бірер жылдың ішінде салаға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, нақты шешімдер қабылданатын алаңға айналып үлгерген. Әсіресе, аймақтарда қордаланып қалған мәселелер көп. Олар бүгін күні бойы жан-жақты талқыға түседі. «Жалпы, өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзірміз», – деді министр.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
-Қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және «Рухани жаңғыру» жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру. «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын» деген әдемі сөз бар. Форумдағы негізгі мақсаттардың бірі – сіздер бір-бірлеріңізді танып, біліп, пікір алмассын деген ниет.
Бүгінгі журналистика заман талабына қаншалықты сай? «Astana Media Week» апталығы аясында ұйымдастырылған пікірталас алаңында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осы және басқа сауалдарға жауап берді. Кездесуге жоғары оқу орындарының ұстаздары, студенттер және кәсіби журналистер қатысты. Көпшіліктің ойынша шебер журналист болу үшін ең алдымен тәжірибе керек. Әрі қазақ және орыс тілдерімен шектеліп қалмай, ағылшын тілін де меңгеруі шарт.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.