Алматы облысында көлік қаққан азамат әділдік іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында көлік қаққан азамат әділдік іздейді

27.09.2018

Алматы облысында жол апатына түсіп, полицейлерді көмекке шақырған адамды басқа жол сақшылары қағып, қашып кеткен. Куәгерлер мен апаттан зардап шеккен азаматтың туыстары осылай, деп отыр. Оқиға екі күн бұрын түнгі сағат 12 жарым кезінде Талғар ауданында болған. Бірақ, аудандық ішкі істер басқармасы ешқандай шара қолданып жатқан жоқ деген тұрғындар Ұлттық арнадан араша сұрады.

Жол апатынан зардап шеккен азаматтың туған інісі сол күні ағасының қасында болған. Оның айтуынша, ағасының көлігін алдымен, дәл осы жерде «Субару» автокөлігі соққан. Істің мән-жайын анықтамаққа жол полициясы келген. Бірақ, жол жиегінде олармен сөйлесіп тұрған жүргізушіні сол сәтте Ішкі істер басқармасына тиесілі ақ «Нива» маркалы машина қағып, тоқтамай өтіп кетті, дейді ол. Сондықтан, нөмерін де көріп үлгермеген.

Жол апатынан зардап шеккен Ерлан есімді азамат қазір аудандық ауруханада жатыр. Ол да екі күннен бері бұл істен еш нәтиже шықпағандығына қапалы.

Ерлан Асан,  зардап шеккен азамат:

- «Іздеп жатырмыз», - дейді. Жұмыс істеп жатқан жоқ. Екі күн болды жатқаныма. Беломыртқам бәрі ауырып жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, Ерланның жағдайы ауыр. Миы шайқалып, бір омыртқасы сынған. Сол жақ тобығының сіңірі де созылған.

Қазір Ерланның інісі мен анасы әділдік іздеп, Талғар аудандық ішкі істер басқармасының есігін торып жүр. Ал, полицейлер әзірге күдіктінің іздестіріліп жатқандығын ғана жеткізді.

Серік Үпиев, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

- Қазіргі таңда осы жол-көлік оқиғасында күдіктіні анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылуда. Шара барысында міндетті түрде күдікті анықталатын болады. Аталған тұлға кім болған жағдайда да міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Дәулет Ішкі істер басқармасының екі күннен бері айыпты азаматты қалай таба алмай жатқандығына таң қалады. Өйткені, апат болған жердің екі жағында да бақылау камералары орнатылған.

Бірі баласының, бірі ағасының денсаулығына алаңдаған азаматтар шындықтың түбіне жетпей, тоқтамақ емес. Себебі, олар қоғамдық тәртіпке жауапты сақшылардың толық дәлелді жауап беруін талап етіп отыр.

Амангелді СЕЙІТХАН                 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу