Алматыда әріптесін атып өлтірген полиция қызметкерін бұл әрекетке не итермеледі?
Кеше Алматыда жергілікті полицей әріптесін атып өлтірген еді. Басына оқ тиіп, ауыр жарақаттанған қызметкер сол күні кешкі сағат 9-дар шамасында көз жұмды. Ал, бүгін белгілі болғандай, қаза тапқан қызметкер күдіктінің жездесі болып шықты. Бұл қайғылы оқиға Әкімшілік полиция басқармасы жанындағы жол-патрульдік полициясы арнайы батальонының көлік тұрағында болған.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
-Кеше Алматы қаласында тіркелген қанды оқиға жол -патрульдік полициясының ғимаратында болған. Алайда, бізге ғимараттың ішіне кіріп түсіруге рұқсат берілген жоқ. Жалпы бұл жағдайды Алматы қаласының тұрғындары қаладағы қылмыстық ахуалдың күрделенгені, деп бағалап отыр.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Олар екеуі де жергілікті тәртіп сақшысы болып қызмет етеді. Айыпты тәртіп сақшысы кезекті қабылдауға келген. Көлік тұрағынан қызметтік көлігін алып жатқан кезінде туысқанын, әпкесінің күйеуін кезіктірген. Олардың үш балалары болған. Алты айдан бері бірге тұрмайды екен. Сол жерде кикілжің басталып, атқан. 21:00-де зардап шегуші қайтыс болды.
Осы оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал, тәртіп сақшыларының бұлай бір-біріне қару кезеніп, оның арты өлімге әкеліп соққан жайт жұрттың жағасын ұстатты.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, күдікті полиция лейтенанты Азамат Берістемов биыл көктемде қаза тапқан Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысы Бердібек Берістемовтың ұлы болып шықты. Оның әкесін қарамағында қызмет еткен әріптесі Асқар Оспанов атып өлтірген.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы