Байқоңырдағы емханаға тіркелуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқоңырдағы емханаға тіркелуге болады

27.09.2018

Қызылорда облысындағы Төретам және Ақай ауылының тұрғындары енді Байқоңырдағы емханаға тіркеліп, тексеріле алады.  Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссия отырысында осындай шешім қабылданды. Осы уақытқа дейін іргедегі жұлдызды қалашыққа барып дәрігер көмегіне жүгіне алмайтын тұрғындар үшін бұл жақсы жаңалық болды.

Төретам, Ақай елді мекендері Байқоңырға жапсарлас орналасса да Қармақшы ауданы аумағына кіреді. Сондықтан, ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, 90 шақырым жердегі аудан орталығына немесе қалаға  қатынайды.  Төретам кентінің тұрғыны Смағұл Аралбаев та осындай қиындықты бастан кешірді.   

Смағұл Аралбаев, Төретам кентінің тұрғыны:

- Төретам емханасына көрінетін едік. Ол жерде кадр жоқ, жетіспейді, сондықтан, Қызылордаға жіберетін еді. Мен өзім жүректен есепте тұрамын. 2-3 күн болды осында тіркеліп, емханаға көрініп, УЗИ-ге де түстім, жақсы көңіл-күйде тұрмын.

Байқоңырдағы аурухана мен емхана облыстың солтүстік аудандарын қамтиды. Осы уақытқа дейін 20 мыңға жуық адам тіркелді. Алдағы екі айда тағы 15 мың адамды тіркеуге алу жоспарда бар. Оның барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуге  емдеу мекемесінің мүмкіндігі жетеді.

Гүлденген Шаповал, облыстық медициналық орталықтың  Байқоңыр филиалы директорының меңгерушісі:

- Республикалық бюджеттен 64 миллион теңге тағайындалды. Бүгінгі таңда осы ақша толық игеріліп, емханаға қажетті құрал-жабдықтар  алынды. 6500 халыққа скринингтік тексеру жүргіздік. Ересек адамдарға және 5200 мектеп оқушыларының  2300-іне толығымен тексеру жүргізілді.

Емханада перзентхана, ересектерге арналған бөлімдер, функционалды диагностикалық бөлім, зертхана, күндізгі стационар  бар.  Дәрігерлер 11 аймақ бойынша қызмет көрсетеді.  Енді кардиолог,  көз және тіс дәрігерлері жетіспейді. Қазір маман іздестіріп жатыр. Оларды баспанамен қамту үшін    Байқоңыр әкімшілігі 4 пәтер бөлді. Сондай-ақ, жұлдызды қалашықта қазақстандық көпқабатты 4 үй салынуда. Соның ішінде 15 пәтер осы емдеу саласының мамандарына беріледі.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу