Америкалық азамат: Қазақ тілі - ең оңай тіл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалық азамат: Қазақ тілі - ең оңай тіл

26.09.2018

«Қазақ тілі үйренемін деген адамға аса қиын емес. Тек ниет болса жеткілікті». Америкалық Дэнис Ким осылай, дейді. Қазақстанға келіп, ұлтымыздың мәдениетін зерттеп жүрген ол мемлекеттік тілді үйреніп, өркениетімізді танып-білуге ден қойған. Сөйтіп, сан мың жылдық тарихы бар өнер өлкесіне дендеп еніп кеткен. Оның арманы - қазақтың әлемде қайталанбас өнерін жер жаһанға таныстыру.

Күйдің құдіретін жан-тәнімен сезінетін Дэнистің домбыра үйреніп жүргеніне көп уақыт болған жоқ.

Дэнис Ким, өнертанушы:

- Маған қазақ мәдениеті, қазақ ұлттық өнері, ұлттық музыкасы өте қызық. Сондықтан, мен Қазақстанға келгенде домбыра сатып алдым.

Күйдің рухын түсінуге тырысқан Дэнис қазақтың жанын жақсы ұға бастадым, дейді. Сондықтан, өнердің басқа салаларын зерттеуге де құлшына кіріскен. Мәселен, жас суретші Жанел Жұбанованың туындысын көріп, жоғары баға берді. «Мозайка» деп аталатын бұл бейне асыл тастар, қыш сынықтары мен түрлі-түсті плитадан жасалған.  

Дэнис Ким, өнертанушы:

- Жанелдің бұл еңбегі қазақтың болмыс-бітімін танытып тұрғандай. Мәселен, адамның досы саналатын қарлығаштың адамды айналып ұшуында мән бар. Қарлығаш қазақ ертегілері мен аңыздарында кездесетін киелі құс.

Денистің сөзінше, мегаполистің мәдени орталықтары мен қоғамдық орындарында қыш сынықтарынан құрастырылған 100-ден аса туынды бар. Түсіне білгенге мұнда халықтың тарихы жатыр.  

Дэнис Ким, өнертанушы:

- Менің туған жерімде мұндай өнер жоқ. Тек қана Қазақстанда осындай керемет мозайкалар бар.

Алматының табиғатына сүйсінген Денис әлемнің саяхатшылары мен туристерін жерімізді тамашалауға шақыратын жобаны қолға алды.

Дэнис Ким, өнертанушы:

- Алматының табиғаты ерекше. Себебі, тау өте жақын. Қалада көп ағаш бар. Ал, менің туған жерім Лос-Анджелесте мұндай ағаш, тау жоқ. Сондықтан, мен Алматыға келгенде шокта болдым. Қазір мен көп туристермен жұмыс стеймін.

Қазақтың ежелгі өркениетін тануға ден қойған Дэнистің түйгені мен айтары да көп. Алайда, мұның барлығын бір сюжетке сыйғызу қиын.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу