Атырауда мыңдаған тонна қоқыс өңдеусіз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мыңдаған тонна қоқыс өңдеусіз жатыр

25.09.2018

Атырауда тозығы жеткен ескі қоқыс полигоны тұрғындарды әбден әбігерге салды. Бұл экологиялық ахуалы сын көтермейтін аймақ үшін жығылғанға жұдырық болып тұр. Өйткені, үсті-үстіне тапталған түрлі қалдықтар өздігінен өртеніп, ауаны ластауда. Әрі қолқаны қабатын иісі айналаға таралса, адам біткенді титықтатып бітеді.

«Қоқысты өңдеу ойлағандай оңай болмай шықты»,- дейді Әзілхан.  Ол қаланың ішіне 300 жәшік орнатқан. Айына 10 тонна пластик пен 15 тонна қағаз қалдығын жинайды.  Алайда,  кәсіпкер әкімшілік кедергілерге тап болды, сондықтан жұмысты орта жолдан тоқтатуға тура келді.

Әзілхан Байбатыров,  цех директоры:

- Біздің контейнерлеріміз заңсыз орналасқан. Әкімшілікпен ол сұрақты шешіп жатырмыз. Оны заңдастыру өте қиын екен. Осы саланы дамытып, үлкен цех ашайын десем, проблема бар.

Қағазбастылық  көбіне қолбайлау болады. «Қордаланған мәселе оң шешімін тапса, Атырау әлдеқашан таза қала болар еді», - дейді Әзілхан.  Оның айтуы бойынша қоқыс полигонына түсетін қалдықты 40 пайызға  дейін азайтуға болады. 

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Қаланың іргесіндегі қоқыс төгуге арналған бұл полигон 1977 жылы ашылған. Жалпы аумағы 35 гектар. Мұнда күніне  300 тоннадан астам қоқыс әкелінеді.

Қарға-құзғынның мекеніне айналған аумақта мыңдаған тонна қоқыс өңдеусіз жатыр. Жел соқса қалдық атаулы айналаға ұшып, қоршаған ортаны ластауда.  Бұл полигон маңында орналасқан елді мекен тұрғындарына жайсыз тиіп тұр.   

Мәруа Жұмағалиев, тұрғын:

- Иіс сол жақтан жел соққанда отырғызбайды. Бір кешке қарай жұмыстан босап, үйге келіп, немерелерімді жетектеп далаға шықсақ отыра алмаймыз. 

Әліби Мұфтолла, тұрғын:

- Ылғи бықсиды да жатады. Кейде түтін бүткіл қаланы алып кетеді. Атырау бай өлке дейміз. Сонда бір дұрыс қоқыс алаңын сала алмай ма?!

Жаңа полигон салынады. Жергілікті билік жоспарлап отыр. «Жер бөлінді»,- дейді жауаптылар. Бірақ, құрылыстың қашан басталары әзірге белгісіз.

Дулат Жұмашев, Атырау қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік техникалық секторының меңгерушісі:

- Махамбет ауданы Алмалы селолық округінің аумағынан 50 гектар жер бөлінді. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жалғасын табады.

Құны 4,2 млрд. теңге болатын құрылысты жүргізуге мердігер мекеме де әзір тұр. Жаңа полигон іске қосылғаннан кейін, қатты қалдықтар толықтай өңделетін болады. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу