Астаналық жігіт 10-шы қабаттан құлап бара жатқан баланы қағып алып, құтқарып қалды. Оқиға кеше күндізгі 10 шамасында болды. Үйде жалғыз қалған 6 жасар бала сыртқа шығып ойнағысы келген. Тек есіктен емес, терезеден секірмекші болған. Әйтеуір, баланың көрер жарығы бар екен.
Артем Карев көшедегі шуды естіп терезеден қарамақшы болғанын айтады. Бастапқыда төмендегілер неліктен өзіне қарап айқайлап жатқанын түсінбей қалған. Тек сәлден соң өзінің төбесінде терезе жақтауына асылып тұрған баланы көреді.
Артем Карев көп ойланбай көршісін құтқарудың амалына кіріседі. Бойында қорқыныштың болғанын да жасырмады.
Артем Карев, қала тұрғыны:
- Құшағымды жайып баланың құлағанын күттім. Бар ойым уақытылы қағып алу болды. Қолымнан сырғып кете ме немесе салмақпен келіп өзімді бірге ала кете ме деген қауіп болды.
Бала бар-жоғы 15 минутқа қараусыз қалған. Нәтижесі осы. Бірнеше секундтағы шешім бейкүнә, аңғал баланың өмірін құтқарды. Бейбіт күннің батыры елеусіз де қалмайды.
Жыл басынан бері елімізде 31 бала терезеден құлаған. Соның 9-ы Астанада. 7-і Қарағанды облысында. Арасында жан тапсырғандары да жоқ емес. Бұл тек төтенше жағдайлар қызметінде тіркелген дерек. Тіркелмегені қаншама. Статистикаға сүйенсек, көбі үйде жалғыз қалған балалар. Мамандар ата -аналарды барынша абай, сақ болуға шақырады.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.