Басты Жаңалықтар Экс-министр Қ.Бишімбаевтың Астана іргесіндегі коттеджі енді мемлекеттік мекемеге айналады

Экс-министр Қ.Бишімбаевтың Астана іргесіндегі коттеджі енді мемлекеттік мекемеге айналады

10 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың Астана іргесіндегі коттеджі енді мемлекеттік мекемеге айналады. Қылмыстық іс бойынша тәркіленген зәулім ғимарат монша ретінде салынған. Енді оны Қосшы ауылының мәдениет үйіне айналдыру жұмыстары басталады. Билік мемлекетке келген шығынды осылайша өндіріп алмақшы. Мұндай мысалдар өңірлерде де бар.

Дулат Абибуллаев, тілші:    

-Ауданы 500 шаршы метрден асатын коттедж бағалаушы компаниялардың қорытындысы бойынша 62 млн. теңгеге бағаланған. Алайда, коттедждің өзі әкімдіктің қарамағына өткенімен ол орналасқан жер Бишімбаевтың туыстарының атында.

Целиноград ауданының әкімдігі 10 соттық жерді өз меншігіне қайтарып алу жұмысына кіріскен. Әзірге экс-министрдің туыстары ешқандай байланысқа шықпай жүр. Бұлай созыла берсе, әкімдік тағы да сотқа шағымдандбақ.

Айгүл   Сүйінжанова,  Целиноград ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Құжаттары дұрыс емес. Ғимаратты бізді бергенімен жер телімі бізге түскен жоқ. Сондықтан, әлі кішкене кедергі бар.

Дегенмен, моншаны  мәдениет үйіне айналдыру жұмыстары басталып кеткен. Мұнда жаңа жылдан бастап 20 жұмыс орны ашылып, онға жуық үйірме жұмыс істей бастайды. Оған дейін ғимаратты мәдени мекемеге лайықтау жұмыстары басталады. Бастапқыда ғимаратты полиция бекеті ретінде пайдаланбақ болған. Бірақ, мәдениет үйі маңыздырақ деп шешкен.

Ал, бұл 13 жылға бас бостандығынан айырылған Қостанай қаласының экс-әкімі Ахметбек Ахметжановтан тәркіленген мейрамхана. Сот кезінде экс-әкімде екі мейрамхана мен бір сауда орталығы бар екендігі анықталған. Бағалаушы мамандар мейрамхананы 429 миллион теңгеге, сауда орталығын 87 миллион теңгеге бағалаған. Мейрамхана жуырда мемлекет меншігіне өтіп, ол жерден цифрлы қызмет көрсету орталығы ашылды.

Руслан Қалмұратов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қостанай облысы бойныша филиалы директорының орынбасары:

- Қаланың орталығында орналасқан. Бұл жердің ерекшелігі, күрделі жөндеу жүргізілген. Халыққа қызмет көрсету орталығына сай. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолайлы.

Мемлекетке келтірілген залалды бұлайша қайтарып алу әлемде бар тәжірибе. Алайда, азаматтық қоғам өкілдері «бұл істе ашықтық керек», - дейді. Яғни, тәркіленген дүние мүлік пен қымбат көлік пысықайлардың қолында кетпеуі тиіс. Бұл ретте сотталушылардың туыстарының үлесі ескерілуі маңызды.

Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған бірнеше экс вице-министр мен комитет төрағалары және генералдарға қатысты сот процестері мен тергеу амалдары қазір де жүруде. Тиісті сот шешімі болса, олардың да заңсыз тапқан мал мүліктері осылай тәркіленетін болады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу