«Blind Race Astana – Paris» веломарафонына қатысушылар Қазақстанға оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Blind Race Astana – Paris» веломарафонына қатысушылар Қазақстанға оралды

25.09.2018

Астанадан Парижге дейін жалғасқан «Blind Race Astana – Paris»  веломарафонына қатысушылар Қазақстанға оралды. «Анашым» қоғамдық  қоры ұйымдастырған марафонға «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен еді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгін мүмкіндігі шектеулі спортшылармен кездесті. «Осындай игі бастамалар Қазақстанның атын танытуға сеп болады», -  деді.

Отбасында 16 қыздан соң дүниеге келген үйінің кенжесі Кенжеғұл  Париждің төрінде қазақтың «қара жорғасын» дәл осылай билепті.  Марафон мәресіне жеткенде, әрине. Зағип спортшы  төрт тілді еркін меңгерген. Жапонияда, Ұлыбританияда оқыған, велоспортпен кәсіби түрде айналысады.

Кенжеғұл Сейітжан, веломарафонға қатысушы: 

-Сол ән ойымнан кетпей, билеп, сондай бір ғажап сезімге ие болдым. Үйде отырмаңыздар, біз сияқты қимылдаңыздар.

Жалпы, марафонға көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін спортшыларымыз, еріктілер қатысты. 6 ел– Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия  Франция арқылы өтті, 30 қалаға барды.  «Саламатты өмір салтын ұстанған спортшылар біздерге ештеңе кедергі емес», - дейді. Қатысушылар 5 мың шақырым, ал күніне 100-200 шақырым жүріп отырды.

Алдыңғы жылдары Астана-Алматы, Алматы-Ыстықкөл бағыттары бойынша өткен велошерудің биылғы  ұраны –«Шексіз мүмкіндіктер әлемі». Әлеуметтік жоба жылдан-жылға шекарасын кеңейтіп, қатысушылардың қатары артып келеді. Оған қолдау көрсетушілердің саны да ұлғаюда.

Бақтияр Базарбеков, «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі:

-Бізге қолдау көрсеткендерге алғысымыз шексіз. Түрлі қорлар, мекемелер бей-жай қарамады. «Нұр Отан» партиясы велотандемдерді сатып алуға көмектесті, осылайша, біздің арманымыз орындалды.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары осындай игі бастамаларды паралимпиадалық спорт түрлерін дамытатынын айтты және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамда белсенділігін арттыру қажет деді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

-«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Партия мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл жоба партия қызметін жаңғырту аясында жанданып, жаңаша қарқын алды. Соның нәтижесінде нақты басымдықтар анықталды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету.

Бұл ең биік белес емес. Марафоншылар енді 2019 жылы 90 сағатта 1200 шақырымды велосипедпен жүріп өтетін «Париж – Брест – Париж» атты шеруге қатыссақ деп отыр. Жобаның  5 жылдық даму жоспарына сәйкес, Азияға да шығады. Ал бүгін олар еліміздің бас партиясының тарапынан сый-сияпатқа, марапатқа ие болды.         

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу