Біле білсеңіз, мына біздің журналистика саласы ең қауіпті мамандықтардың қатарында. Әріптестеріміз ақпарат жинаймыз деп басын қатерге тігіп, шартарапты шарлап кетеді. Төтенше жағдай, оқыс оқиға, тіпті қарулы қақтығыстардың арасынан да ақпарат тарататын тілшілер қауымы. Осындай қиын-қыстау сәтте қаңғыған оқтың құрбаны болмаудың амалын үйрететін семинарға тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы қатысып келді.
Алыс жолдан қалжырап, Спасскке енді жеттік-ау деген кезде бізге шабуыл жасалды. 30-ға жуық тілші мінген автобусқа лаңкестер лап берді. Атылған оқ, жарылған граната үрейімізді ұшырды. Сөйтсек, бұл әскерилердің бізге дайындаған тосын сыйы екен. Қазақы қонақжайлылықпен емес, қарумен қарсы алып, қайда келгенімізді ұқтырды.
Ары қарай нағыз әскерилердің өмірі басталды. Таңғы алтыдан жаттығу, теория мен практиканы ұштастыра отырып, экстремалды журналистиканың ережелерін меңгердік. Тілшілерге түрлі жағдайда жұмыс істеп үйрететін ресейлік маман да келіп, тәжірибесімен бөлісті. Ұрыс кезінде оққа ұшпай, ақпарат жинап, қажет болса өзгеге көмек көрсетуді де түсіндірді.
Рустам Эюбов, әскери дискурстың аға нұсқаушысы:
-Әрине, бұл жаттығуларды өмірде қолданбаған жақсы. Дегенмен, біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Тіпті, жол-көлік оқиғасына кез болсаңыздар да сіздер алғашқы көмекті қалай жасау керек екендігін білесіздер енді.
Оқыған әр сабағымыз тәжірибемен бекітілді. Тілшілердің теракті кезіндегі тірлігі туралы фильм тамашалып отырған едік баса-көктеп қарақшылар кірді.
Ешкімнің физикалық, психологиялық дайындығы, тіпті, ұл-қыз екендіктеріне де қарамай қару кезеніп қинай бастады.
Ғани Нусипов, ҚР Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бөлім бастығы:
-Төтенше жағдай қыз-ұл деп таңдамайды. Сондықтан, біз бәріне бірдей жағдай жасадық.
Руслан Бек, әскери дискурстың нұсқаушысы:
-Шынайы ұрыс және төтенше оқиғаның жағдайын жасауға тырыстық. Әрбір қатысушы оны бастан өткергенін қаладық.
Иә, берілген келесі сынақ бәрімізді бір сілкіп алды. Бізге жақындап қалған лаңкестерден қашып, қауіпсіз жерге жету міндеті жүктелді.
Қорқыныштың қоршауында қалған біз арнайы жасақтың соңынан шақырымдарды жаяу жүріп өттік. Орманның екінші жағына өтпекші болдық. Сөйтсек, бұл жерде де сынақ дайындалған екен.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
-Мина қойылған алаңнан өтіп келе жатырмыз. Бір минаны таптық. Барлық группа менің соңымнан келе жатыр. Дәл қазір біз барлығымыз жарылып кеттік.
Әупірімдеп жүріп алаңқайға шықтық. Ауыр техникаға мініп діттеген жерімізді бетке алдық. Одан кейін бастан кешкенімізді тілмен жеткізудің өзі күш. Құдды бір қарулы қақтығыстың ортасына әкеліп тастап кеткендей күй кештік. Соңғы емтихандай көрінді осы сынақ. Семинар кезінде үйренгеніміздің барлығын іске асыратын уақыт жетті.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
-3 күндік семинардың қорытындысы бойынша түсінгеніміз, біз бастысы өзіміздің өмірімізді сақтауымыз керек. Одан кейін барып ақпарат тарату міндетімізге кіреді. Дәл қазірдің өзінде жазып жатқан ақпаратымыз менің өмірім үшін аса қауіпті. Себебі, кез келген кезде қарақшылардың құрбаны болуым әбден мүмкін.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.