Павлодарлық кәсіпорын банкрот болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық кәсіпорын банкрот болуы мүмкін

01.05.2014
Павлодарлық кәсіпорын банкрот болуы мүмкін
Осыдан үш жыл бұрын Павлодарда теміржолға қажетті жабдықтар шығаратын жаңа зауыт ашылған болатын. Сөйтіп отандық кәсіпорын Ресей мен Украинадан келетін импорттық тауарларды ішкі нарықтан ығыстырып шығарды. Алайда, шетелдік компаниялар бәскелестіктің басқаша жолын тапты.
 
Яғни, аз уақыт ішінде қазақстандық кәсіпорын шығарып жатқан жабдықтардың баламасын құрастыратын цех ашып, оған арнайы лицензия алған. Тіпті, шетелдік компания өз өнімдерін арзан бағаға ұсыну арқылы отандық тауар өндірушіні мемлекеттік тапсырыстардан қақпайлай бастады.
 
«Format Mach Company» - Қазақстанның индустрияландыру картасына енген жоба бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорын. Теміржолға қажетті металл құймаларын жасайды. Өнім халықаралық стандартқа сай болу үшін «Даму» қоры және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша қыруар қаржы бөлініп, заманауи жабдықтар алынды.
 
Ербол Зиянов, құйма цехының басшысы:
Қалыптау кешені Англия, Германия, Еуропа елдерінен әкелінген. Сондықтан бізде шығатын саймандар өте сапалы.
 
Нәтижесінде Ресей мен Украинадан келіп жатқан импорттық тауарлар ішкі нарықтан ығыстырыла бастады. Бірақ көпке ұзаған жоқ. Қазір шетелдік компания Павлодарда теміржол жабдықтарын құрастыратын цех ашты.
 
Александр Янбулатов, «Format Mach Company» ЖШС атқарушы директоры:
Бұл - Ресейдің Железногорск қаласындағы «Вагонмаш» компаниясы. Олар серіктестік ашып, оны Павлодарда тіркеген. Бірақ дайын жабдықтарды құрастырумен ғана айналысады. Темір балқытатын, механикалық өндіріс цехтары жоқ.
 
Есесіне «Отандық тауар өндіруші» деген сертификаты бар. Ол шетелдік компанияға мемлекеттік тендерлерге қатысу үшін қажет.
 
Александр Янбулатов, «Format Mach Company» ЖШС атқарушы директоры:
Ресей компаниясы Павлодардағы эксперттік ұйым арқылы сауда-өнеркәсіп палатасынан тауардың сапасын анықтайтын СТ-KZ сертификатын алады. Бірақ біздің арыз талабымыз бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан комиссия құрылып ол сертификатты заңсыз деп тапты.
 
Бірақ араға 28 күн салып тура сол құжат шетелдік компанияға қайта берілген. Сонда қазақстандық компания үш жыл салған балқыту цехын ресейліктер бір ай ішінде салып үлгерген бе?
 
Альфия Қасқыр, облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы президиумының төрайымы:
Олардың сертификат алуға қайта өтініш беруі заңды. Эксперттік компания бізге құжаттарды тапсырды. Соған сәйкес біз сертификатты бердік. Ал, ол кәсіпорынға барып қандай өнім шығарып жатқанын тексереміз.
 
Болат Аманбаев, тілші:   
Шетелдік компания өнімін Қазақстан нарығына шығару, қарыштап дамып келе жатқан отандық кәсіпорынға кедергі жасау кімге тиімді? «Format Mach Company» серіктестігі республикалық сауда-өнеркәсіп палатасына, Бас прокуратураға және Президент әкімшілігіне хат жолдады.
 
Өйткені, кәсіпорын банкрот болса, үдемелі-индустриялық инновациялық бағдарлама бойынша бөлінген мемлекет қаржысы желге ұшты деген сөз.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу