Қазақстандықтардың шетелге ұмтылуына не себеп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың шетелге ұмтылуына не себеп?

07.09.2018

Қазақстан Еуразия экономикалық одақ арасындағы елдер арасында көші-қон үрдісі бойынша алда тұр. Биыл тұрғылықты жерін ауыстырып, шетелге кеткендер саны 2 есеге жуық артыпты. Бұл мәселе қазір қоғамда да қызу талқыланып жатыр.

Әйгерім Мұхимнің IT саласында жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл. Ірілі-ұсақ компанияларда жинаған ілім-білімі енді оны ілгері жүруге ынталандыруда. Қазір Әйгерім Қазақстаннан кетіп, шетелде жұмыс істеуді ойластыруда.

Әйгерім Мұхим, «Digital» агенттікте аккаунт-менеджер:

- Техник маманынан бастап, проект менеджерге дейін көтерілдім. Өкінішке орай, біздің елде сұраныс аз болғандықтан, IT мамандары үшін қабілеттілігін арттыратын мүмкіндіктер, ұсыныстар аз. Сол себепті, менің өз басым, таныстарым, IT саласының мамандары шетелге кетуді жоспарлайды.  6 жыл бұрын университетті бітірсем, 6 жылдың ішінде менің таныстарымның арасында 50 пайыздайы шетелге кетіп қалды.

Америкаға арман қуып, Еуропаға еліріп жүргендер аз емес. Мына туристік фирмаға соңғы кездері күніне ең кемі 15 адам шетелге виза жасату үшін келеді. Басым бөлігі, АҚШ, Оңтүстік Корея, Еуропа елдерін таңдайды екен.

Ая Нұрдәулетқызы, туристік фирманың директоры:

- Көбінесе кетіп жатқандар жас балалар.  Өмірі шетелге шықпаған, ауылдан келген қазақ жігіттері «Америкаға виза керек» деп паспортын алған күні келеді. Себептерін сұрағанда жауаптары: «Қазақстанда өмір қиын болып кетті, жұмыс жоқ, жұмыстың ақысы аз».

Алайда, аңсаған Америка құшақ жая қарсы алатынына үміттенбеңіз. Әсіресе, биыл Құрама Штаттары виза беруде сараңдық танытып отыр. Өйткені, қазақстандықтар арасында Америкаға турист ретінде барып, қалып қоятындар саны күрт өскен екен. Еуропадағы өмір де ертегідегідей болуы екіталай. Португалияда жұмыс іздеп жүрген Гүлзара Сейтмағанбетованың пікірі осыған саяды.

Гүлзара Сейтмағанбетова, шетелде оқып жүрген студент:

- Мысалы, Португалия, Италия, Испания мемлекеттерінде жұмысқа орналасу жергілікті тұрғындар үшін де қиын, жалғыз шетелдіктер үшін емес. Менің жағдайымда тәжірибем аз, жаңа ғана магистратураны тәмамдап жатырмын. Екінші себеп, мигранттарды жұмысқа алған кезде көп құжат тауып беру керек және кейбір мемлекеттерде салық төленеді. Мысалы, Ирландияда шетелдіктер үшін жұмыс визасы өте қымбат тұрады және оны жұмыс беруші төлеу керек. Бұл жерде жергілікті адам және сіз келсеңіз, әрине, жергілікті адамның жұмысқа тұру мүмкіндігі жоғары болады.

Альбина Әшім, тілші:

-Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, биыл Қазақстаннан көшіп жатқандардың саны былтырғымен салыстырғанда 1,7 есеге артқан екен. Жарты жылдың өзінде 17 мың адам кетіпті. Олардың 6,5 мыңы қазақ жерімен біржола  қош айтысып, шетелде тұруды таңдаса, жүзден астамы жұмыс іздеп кеткен.

Сол жарты жылда кеткен 17 мың адамның 15 мыңы Ресейді, 1100-і Германияны, 158-і АҚШ-ты, 116 адам Беларусь елін, 64-і Өзбекстанды таңдаған екен. Ал, Қазақстанға 6 айда келген мигрант саны - 3900 адам.

Ал, Айнаш Әлпейісованы Америкадағы алпауыт компания да, қомақты жалақы да ұстай алмады. Гарвард университетіне өз күшімен түсіп, кейін білімінің арқасында әлемдегі ең ірі аудиторлық компаниялардың жиынтығы есептелетін «Үлкен төртік»-те жұмыс істеді. Алайда, атамекенге деген сағыныш оның қайтып келуіне себеп болды.

Айнаш Әлпейісова, «Самұрық-Қазына» АҚ департаментінің аға менеджері:

-Әрине, ол жақта мені үлкен мүмкіндіктер күтіп тұрды. Бірақ, жан-дүниемнің бәрі маған үнемі «Қазақстан азаматы» екенімді еске салып тұратын. Менің отбасым осында. Ата-анам да елге оралып, өз жеріме еңбегімді сіңіруімді қалады. Жат жерде жүргенде қанша дегенмен, үйреншікті тұрмысты, қонақжайлылықты сағынасың. Америкада маған жылулық жетіспеді. Қайтып келген соң, Қазақстанда да жағдайдың өзгергеніне, жұмыс істесең, мұнда да жақсы жалақы алуға болатынына көзім жетті. Осында шақырту келген кезден бастап бәрі ашық, әрі әділ болғанын да атап өткім келеді.

Айнаш іспетті асулар мен алпауыттарды бағындырып, елге оралған азаматтар аз емес. Ұлттық компания білікті қазақстандықтарға лайықты ұсыныс жасауды жалғастырмақшы. Бұл зияткерлеріміздің басым бөлігі жат жерде қалмайтынына үміт сыйлайтындай.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

Хабарламаларға жазылу