Бүкіл әлем мұсылмандары Құрбан айт мерекесін тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүкіл әлем мұсылмандары Құрбан айт мерекесін тойлауда

21.08.2018

Қасиеттi Құрбан айт дүниежүзі елдерінде аталып өтіп жатыр. Бұл - әлемдегi екі миллиардтай мұсылман үшiн ұлық мереке. Бұл күндері әдеттегідей құрбандық шалынып, қайырымдылық істер атқарылады. Кей елдерде тіпті, отшашулар атылып, он күн демалыс беріледі.

Бүгін бүкіл әлем мұсылмандары үш күнге созылатын қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлап жатыр. Араб елдерінде бұл мейрам «Ид әл-Адха» деп аталады. Сауд Арабиясында қажылықты бастаған 2 миллионнан астам адам бүгін діни рәсімді жалғастырып, әл-Джамрат көпірінде шайтанға лас лақтыру уәжібін орындауға кірісті. Бұл шара - қажылықтың басты бөлігінің бірі. Осыдан кейін құрбан шалынып, «Ид-әл-Адха» басталады. Бұл күндері Таяу Шығыс елдерінде ең ұзақ демалыс беріледі. Кеңселер, банктер, мемлекеттік мекемелер 1 апта бойы жұмыс істемей, дүкендердің көбі жабық тұрады.

80 мыңға жуық мешіті бар Түркия халқының 97 пайыздан астамы Ислам дінін ұстанады. Таңертеңгі Құрбан намазынан кейін әр шаңырақ құрбандық шалып, бірін-бірі мейраммен құттықтайды. Бұл елде қасиетті мереке құрметіне орай түркиялықтар 10 күн демалады. Құрбан байрам кезінде әдетте елге баратын шетелдік меймандардың саны артып, туризм саласы бір серпіледі. Мәселен, былтырғы Құрбан айтта Түркияға 1 миллионға жуық саяхатшы барған. Айта кетсек, қазір АҚШ-пен арадағы текетірестен елдің төл валютасы лираның құнсыздануы жағдайында Анадолы елі алдында күрмеулі мәселелер тұр.

Индонезия тұрғындарының 90 пайызға жуығы - мұсылман өкілдері. Құрбан айт мемлекеттегі ең маңызды мейрам саналып, ол ауқымды түрде атап өтіледі. Мейрам 4 күнге ұласады. Көшелер ұлттық тумен безендіріліп, отшашулар ұйымдастырылады. Құрбандыққа мал шалынып, мұқтаж жандарға арнап дастархан жайылады.

Ал, Мысырда Құрбан айттың алғашқы күні қауіпсіздік мейлінше күшейтілді. Діни мекемелер, саябақтар және қоғамдық көлік қызметі полицияның жіті бақылауында. Күллі ел аумағында 6 мыңдай жерде мерекеге қатысты шараларды өткізуге рұқсат берілді. 97 миллион халқы бар ел үшін қауіпсіздік шараларын барынша сақтау маңызды. Себебі, өткен аптада Каир сыртында лаңкестік шабуыл жасалды. Ал, таңертеңнен бері Мысырда мерекелік көңіл-күй сезіледі. Адамдар таңғы намаздан кейін құрбан шалып, кейін отбасы мүшелерімен бірге көшеге шығып, мейрамды тойлауды әр қарай жалғастырды.

Он мыңдаған мұсылман Шығыс Йерусалимдегі әл-Ақса мешітінде намазға қатысты. Діни шараға жиналғандардың саны 100 мыңға жеткен. Олардың көбі Израиль оккупациялаған Батыс Жағалаудан келгендер. Намаздан кейін мешіт жанында балаларға арналған түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Бұл жерде қауіпсіздік күшейтілген. Сонымен бірге, Хамас бақылауындағы аумақта Құрбан айт мейрамын атап өтті.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу