«ЭКСПО-2017»: 100-ге жуық жоба енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЭКСПО-2017»: 100-ге жуық жоба енгізіледі

07.08.2018

Еліміздің абыройын асқақтатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде таныстырылған жобалар көп ұзамай жүзеге асырылады. Үкімет отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қандай технологиялар қолданысқа енгізілетінін айтып берді. Қазіргі таңда 115 жоба іріктеліп алынған. Оның 102-ін әкімдіктер, қалған 13-ін компаниялар жүзеге асырмақ. Электр энергетикасы саласында «ЭКСПО»-да ұсынылған 63 технология енгізілмек. Айта кетерлігі, кей өңірлер бұл іске кірісіп те кеткен. Мәселен, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері «Смарт-орындық» жобасын іске қосты. Ал, Қостанай облысының Лисаковск қаласы Күн аккумуляторларының қызығын көріп, электр энергиясы үшін төлемақыны жылына 1 млн. теңге көлемінде үнемдеп отыр. Озық технологияларды енгізуден білім саласы да қалыс қалмады. «ЭКСПО»-да ұсынылған жобалар аясында Петропавлда бірегей ІТ технологиялар орталығы орналасқан Оқушылар сарайын салу жоспарда бар. Сондай-ақ, басқа да өңірлердегі Оқушылар сарайларында балалар технопаркін ашу көзделген. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Нәтиже жаман емес. Бірақ, мұнымен жұмысымызды әлсіретіп алуға болмайды. Өйткені, баяндамадан көргеніміздей, жұмыс барлық облыстарда бірыңғай емес. Кей облыстар озық, көп іс атқарылған. Кейбір облыстарда мүлдем жұмыс жоқ. Сондықтан, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне, ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларға озық технологияларды енгізу бойынша жұмысты барынша белсенді жүргізуді тапсырамын.

 

Альбина ӘШІМ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу