Басты Жаңалықтар Қазақстанның экономикалық жетістігі – Орта Азиядағы көшбасшылығының айғағы

Қазақстанның экономикалық жетістігі – Орта Азиядағы көшбасшылығының айғағы

Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті жоғары, халықаралық аренада беделі қалыптасқан және өңірлік ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын мемлекет. Елдің көшбасшылық орны экономикалық көрсеткіштермен қатар, көпвекторлы дипломатиясымен, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған саясатымен де айқындалады. Шетелдік саясаткерлердің пікірі осындай.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, былтыр Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш елдің Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретіндегі орнын айқындайды. Сонымен қатар, еліміз шетелдік инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және халықаралық сауда байланыстарын кеңейту бағытында маңызды қадамдар жасап келеді.

Есенғали Ыбраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:

Қазақстандағы өзгерістер ұзақ мерзімді дамуына тың серпін береді деп үміттенеміз. Біз, Ресейде тұратын қазақтар, Қазақстанның жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз. Еліміздің өркендеуіне әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Әсіресе, Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы қуантады. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артып, түрлі салаларда жаңа жетістіктерге жетуі – баршамыз үшін мақтаныш.

Елдің стратегиялық маңызы көлік-логистика саласында да артып отыр. Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзиттік бағыттар Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлін күшейтіп, өңірлік экономикалық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстанның тағы бір маңызды басымдығы – салмақты дипломатиясы. Тәуелсіздік жылдарынан бері еліміз көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, халықаралық мәселелерді келіссөздер арқылы шешуді, мемлекеттер арасындағы сенім мен диалогты нығайтуды қолдайды.

Сергей Афонцев, РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары:

Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстана отырып, әлемнің түрлі мемлекеттерімен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Сонымен қатар, көпұлтты мемлекет ретінде елімізде түрлі этнос өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне, мәдениеттер мен дәстүрлердің өзара құрметіне ерекше мән беріледі. Экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы ынтымақтастық Қазақстанның өңірлік үдерістердегі маңызын арттырып отыр.

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдету де Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік дәліздерін дамыту, энергетика және су ресурстарына қатысты мәселелерді бірлесіп шешу өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал етеді.

Бөлісу