Жамбыл облысында жүк пойызының вагондары жолдан тайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жүк пойызының вагондары жолдан тайды

31.07.2018

Жамбыл облысында тағы бір оқыс оқиға тіркелді. Бүгін онда жүк пойызының вагондары жолдан шығып кетіп, теміржол қатынасына біраз кедергі жасады. Төтенше жағдай таңғы сағат 8-дер шамасында Мойынты станциясының маңында болған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Вагондардың жолдан шығып кетуіне нөмірі 28 вагоннан шыққан ақау себеп болған. Ол «Исткомтранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. 2009 жылы жасалып шығарылған. Оқиға орнына бірден Саршаған және Шу станцияларынан жөндеу пойыздары жұмылдырылды. Дегенмен, осы оқиғаның салдарынан бірнеше бағыттағы жолаушылар пойызы кестеден кешікті. Олар: № 175 Астана – Шымкент, №55 Көкшетау – Қызылорда, №9 Астана – Алматы, № 179 Қостанай – Алматы-2, және № 86 Сарыағаш – Астана бағытындағы жолаушылар пойызы. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының хабарлауынша, кешкі сағат 18:00-ден бастап барлық бағыттағы пойыздары кестеге сай жұмысын жалғастырып жатыр. Дегенмен, біз осы оқиғаға байланысты ұлттық компаниядан сұхбат ала алмадық. Барлық сұрақтарымызға жауапты тек жазбаша түрде алдық. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолында» арнайы комиссия құрылып, осы оқиғаға байланысты жұмыс істеп жатыр. Ал, келтірілген барлық шығындар жаңағы ақау шыққан вагонның иесіне, яғни, «Исткомтранс» ЖШС міндеттелетін болады.

Оңғар АЛЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу