Еліміздің әр өңірінде балық жаппай қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр өңірінде балық жаппай қырылып жатыр

10.07.2018

Жамбыл облысындағы Талас өзенінде, Атырау және Шығыс Қазақстанда осындай деректер тіркелді. Осыған орай, өңірлерде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, жергілікті атқарушы органның, Су инспекциясының, экологияның, ветеринарлық қызметтің және ғылыми ұйымдардың қызметкерлерінен арнайы жедел топ құрылды. Судан және балықтан сынама алынып, сараптамаға жіберілді. Мамандардың айтуынша, балықтардың қырылуына күннің күрт ысуы себеп болған.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда облыс деңгейінде барлық майда және ірі су қоймаларында түгелімен бақылау жұмыстары жүргізілуде. Эпидемиологиялық улану деректері жоқ. Тек судың және балықтың сынамасы алынды. Ветеринарлық лобороториялық зерттеудің қорытындысы бойынша хабарын береміз.

Ал, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасында қырылған балықтардан кокцидиоз ауруы анықталған. Сондықтан, жергілікті мамандар әзірге балық етін жемеуге кеңес беруде. Ал, суға түсу маусымы жалғаса бермек. Қазіргі уақытта балықтардың қырылу көрсеткіші бәсеңдеген. Қоймаларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу