Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады

18.06.2018

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлерін маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Елордадағы екі ауруханаға барып, мекемелердің жұмысымен танысып, ұжымымен әңгімелесті.

Алдымен партия төрағасының бірінші орынбасары №2 қалалық ауруханада болды. Шаһар бойынша ең ірі көпсалалы емдеу диагностикалық мекемелерінің бірі саналатын нысан 360 адамға арналған. Жылына 12 мың науқасқа ем жасайтын аурухана озық медициналық қондырғылармен жабдықталған.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Барлық мамандықтар маңызды. Бірақ, соның ішінде медициналық қызметкерлердің, дәрігерлердің рөлі ерекше. Өйткені, сіздердің еңбектеріңізге, сіздердің жұмыстарыңызға біздің халқымыздың денсаулығы тікелей тәуелді.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев балалар жұқпалы аурулар ауруханасына барып, бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған мекеменің бүгінгі жайы көңіл қуантарлық. Барлық талаптарға сай келеді.

Роза Өтегенова, қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Соңғы үлгіде жабдықталған. Біздің кішкентай науқастарымыздың ем алуына жақсы мүмкіншіліктер берілген. Жалпы, медицина саласында жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге де барлық мүмкіншілік бар. Аппаратурамыздың бәрі жақсы.

Партия төрағасының бірінші орынбасары екі мекеменің де жұмыста үздік көрініп, еңбегімен көзге түскен мамандарын алғыс хаттармен марапаттап, барлық қызметкерге табыс тіледі.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу