Павлодарлық фермерлер етті мал шаруашылығын дамытпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық фермерлер етті мал шаруашылығын дамытпақ

03.05.2018

Павлодарлық фермерлер жемдеуге қолайлы, тез салмақ қосатын ірі қара өсіруге мүдделі. Бұған биыл қабылданған «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» түрткі болды. Кешенді стратегиялық құжатта саланы дамытудың барлық ресурстары қамтылған. Шаруашылықтар саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін, ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 миллионға дейін өсіру, ал, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 1 мың доллардан 8 мың долларға дейін көтеріледі.

Павлодар облысында Зеңгі баба тұқымының саны 464 мыңнан асады. Соның 11 пайызы ғана асыл тұқымды. Болат Серікұлы - ауыл шаруашылығына енді бет бұрған жас фермер. Қазір ол ұзақ мерзімге берілетін 4 пайыздық  несие алу үшін құжат жинап жатыр. Мақсаты - асыл тұқымды аналық малдың басын көбейтіп алу.

Болат Серікұлы, фермер:

Ауылға келгелі 4 жыл болды. Осы уақытта шаруашылықты дамытуға салынған жеке қаржы мемлекет тарапынан субсидияландырылатынына көзім жетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі «дамыңдар, алындар, пайдасын көріңдер» деп жатыр. Қазір біз қазақтың ақбас қара малы мен Канаданың герефорд тұқымын өсіріп жатырмыз. Етін облысымызға, көрші аймақтарға апарып тапсырамыз.

Фермердің ендігі ойы етті экспортқа шығару. Себебі, мемлекет сиыр және қой етін өндіруді 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін арттыруды межелеп отыр. Ол үшін әр аймақтағы шаруа қожалықтары мен ірі серіктестіктерге қаржылай қолдау көрсетіледі.  

Айдос Жақыпов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Мал шаруашылығына биыл 3 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде бүгінгі күнге 680 млн.теңге игерілді. Бұл 3 млрд. теңгенің ішінде 1,3 млрд-ы етті бағытқа қарастырылған.

«Болат» шаруа қожалығы қазақы ақбас пен герефордты будандастырып жергілікті климатқа бейімделген жаңа тұқым алуды көздеп отыр. Суармалы жер жыртып, соның маңайына мал бордақылайтын алаң да салмақ.  Жаңа бағдарламаның мұндай басты шарттарын орындау ірі шаруашылықтарға қиын емес. «Ал, ұсақ қожалықтардың мемлекет ұсынып отырған игіліктерге қол жеткізуі дүдәмалдау», -дейді тәжірибелі фермерлер.

Серік Сүлейменов, «Болат» шаруа қожалығының басшысы:

- 2-3 пайызды несие береміз деп жатыр. Бірақ, бұл жерде бір айтып кететіні жай шаруалардың оны алатындай жағдайы болса жақсы. Өйткені, 2-ші деңгейлі банктер кепілдік болмаса, несиені бермейді. Жағдайы барларға жақсы, ұзақ мерзімге үлкен несиелер алады.

Қазіргі күні облыста 37 ғана шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Олардың қолындағы 44 мың ірі қараның 27 мыңы етті, 17 мыңы сүтті бағыттағы түлік.

Болат АМАНБАЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу