«Терісащыбұлақ» су қоймасының тозығы жетіп тұр
Жамбыл облысындағы ең ірі су қоймасының бірі саналатын «Терісащыбұлақ» тозып тұр. Екі ауданның егістігін тіршілік нәрімен қамтитын гидронысан осыдан 62 жыл бұрын салынған. Содан бері мамандар тек жамап-жасқап қана кәдеге жаратып келеді. Стратегиялық нысан қайта жаңғыртудан қашан өтеді?
Жуалы ауданының тау етегінде жатқан «Терісащыбұлақ» су қоймасынан аймақтың екі ауданы тіршілік нәрін алып отыр. Жасанды айдынның ауқымы 158 млн текше метр. Бүгінде тек 145 млн текше метр су жинай алады. Өйткені арнасына жетеқабыл су жинау құрылым үшін қауіпті.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Су қоймасы салынғалы 60 жылдан асты. Содан бері «Терісащыбұлақтың» тоспалары тозып, бетондары бүлініп кеткен. Сондықтан су жинағыш қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Кеңестік кезден бері күрделі жөндеу жүргізілмеуі – маңызды нысанға мән бермеудің салдары, дейді техника ғылымдарының докторы. Жауаптылар тек жамап, жасқап отырған. Бұған дейін Президент сумен қамтудағы стратегиялық нысандардың 60%-ның тозып тұрғанын сынға алған еді. Ал ғалымдар жаңғырту аясында су қоймаларын цифрландыруды енгізу керектігін ескертіп отыр.
Ғалия Омарова, Қазақ Ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінің ғылыми қызметкері:
Төлқұжатына сәйкес өзінің жұмыс істеу мерзімінен өтіп кеткен. Қашықтықтан зерделеу арқылы судың деңгейінің өзгеруі, судың астында болып жатқан тұнбалардың жинақталуы, сол процестердің барлығын бақылап отыруымыз керек. Заманауи сұраныстарға сай деңгейге көтеруіміз қажет. Ол үшін түбегейлі жөндеу жұмыстарын жасап, қажетті деңгейде қаржы бөлінуі тиіс.
Жалпы облыста 80 мың гектар суармалы жерді игеріп отырған 5 мыңға жуық шаруа бар. Олар 600-ге жуық гидро нысан мен ең ірі 7 су қоймасының суын пайдаланады. Сондықтан өңірде келесі жылы бірден екі су сақтағыш нысан күрделі жөндеуден өтпек.
Әлішер Өсербаев, «Қазсушар» РМК филиалы пайдалану бөлімінің басшысы:
Өзінің қажетті жобалық көлеміне жетпейді, су жинай алмаймыз. Инженерлік-техникалық қамтамасыздандыруға сәйкес, аталған су қоймада құлақтандыру, бейнебақылау жүйесі, қоршау жұмысы, жарықтандыру секілді жұмыстар жүргізіледі. Ылғалдылығын тексеріп отыру үшін дамбаға қаншалықты фильтрация кіріп жатқанын анықтайтын физометрлік скважиналар қазылады. Одан кейін автоматтандыру жүйесі жүргізіледі.
Құрылымның құрылысы 2 жылда аяқталмақ. Айта кетейік, аймақта келесі жылдың соңына қарай 3 қоймасы жаңадан салынады. Ақмола, Ырғайты және Қалғұты су нысандары іске асқан жағдайда үш аудандағы 40 мың гектарға жуық алқап сумен қамтылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы