«Сапасыз құрылыс» бабы бойынша тергеу басталды
Астанада көпқабатты тұрғын үйдің қаптамасы опырылып түсіп, содан зардап шеккен 5 адамның екеуінің жағдайы ауыр,-дейді дәрігерлер. Жалпы, оқиға қалай болды? Куәгерлер не дейді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес оқиға орнына барып қайтты.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Оқыс жағдай Тәуелсіздік, 24Б мекенжайы бойынша орналасқан осы мына бір тұсында болған. Көріп тұрғандарыңыздай үйдің қасбеті опырылып, жерге құлаған. Қазір міне жерде шашылып жатқан кірпіштерге көзіміз түсті. Аумақ толықтай қоршалған. Куәгерлердің айтуы бойынша осы үйге қонаққа келген анасы мен баласы мына екі аралықта орналасқан дүкеннің екінші есігінен кірмек болған. Сол сәтте олардың үстіне кірпіш қапталамалары құлаған. Оларға көмектесем деп асыққан туысы да үйінді астында қалған.
Бибігүл, куәгер:
Елдің бәрі дүрбелеңге түскенде астында өтіп бара жатқан кісі бар екенін бәрі біледі ғой. Естіп жатыр ғой. Соны құтқарам деген қызға ризамын. Жәдел жәрдем көмегінің қызы жанкешті екен. Ол да зардап шекті. Тағы құлайды деп ойлаған жоқ қой ешкім.
Оқиға болған орынға жедел жеткен жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуан кірпіштер астында қалған үш адамды құтқармақ болып, асыққанда оның үстіне де кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы құлаған. Оның жанында болған тағы бір фельдшер зардап шеккен.
Бауыржан Ахметалин, қалалық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
Құтқарушылар кірпіш қаптамалары арасынан 1965 және 1979 жылғы екі әйелді алып шықты. Сондай-ақ куәгерлер үш адамды құтқарған. Оның екеуі жедел жәрдем қызметкері. Қайғылы жағдай қайталанбас үшін құлағалы тұрған кірпіштердің бәрін түсіріп тастадық. Аумақ бақылауға алынды.
5 адамның екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. №1 көпсалалы аурухананың ақпаратына сай, қалған үшеуі бейінді бөлімшелерде ем қабылдауда.
Бауыржан Ешмұратов, №1 көпбейінді қалалық аурухананың бөлім директорының орынбасары:
Бір науқас ауыр күйде бірден қабылдау бөлімінен операциялық блокқа көтерілді. Оның жағдайы өте ауыр. Қалған екі науқас жан сақтау бөліміне, тағы екі науқас орташа жағдайда бөлімшеге жатқызылды. Реанимацияға жатқызылған екі науқастың біреуі бүгін жағдайының тұрақтылығы бойынша бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі таңда бір науқастың жағдайы өте ауыр. Екінші науқастың жағдайы ауыр. Қалған науқастардың жағдайы орташа, бір қалыпты.
Ауыр халде жатқан науқас сол күні көмекке асыққан фельдшер Ұлдана Мырзуан. Күйеуінің айтуынша, жұбайы құтқарушылар келгенше, қарап тұрмай өзі көмекке ұмтылған.
Әділет Зейнел, зардап
шеккен фельдшердің күйеуі:
Қасында тұрған бүкіл адамдардың айтуы бойынша әйеліңіз көзіне жас алып жүгірді дейді. Артында тұрған ер адамдар неге әрекет жасамай тұрсыз деп итермелеген. Сондай қысымнан кейін мен ойлаймын кез келген намысы бар адам болса жүгіріп кетер еді.
Қазір мемлекеттік еңбек инспекторы тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 278-бабы – «Сапасыз құрылыс» бойынша тергеу бастады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы